Дәл осы күні, 2 жыл бұрын яғни 2023 жылдың 6 ақпанында Түркияның оңтүстік шығысындағы бірнеше қалада алапат жер сілкінісі болып мыңдаған адам көз жұмған еді. Арадан екі жыл өтсе де бұл апаттың зардабы әлі толық жойылған жоқ. Дегенмен үй күйсіз қалған миллиондаған тұрғынға жаңа баспана салу жұмыстары күндіз түні жүріп жатыр. Ел биілігі биыл жыл соңына дейін апат болған аймақта жаңа үйлердің құрылысы толық аяқталады деп отыр.
Бұл осыдан дәл екі жыл бұрынғы кадрлар. Таңғы сағат 4-тен 17 минут өткенде Түркияның 11 ірі қаласында жойқын зілзала болып соның кесірінен 53 мыңнан аса адам опат болды. Жүз мыңға жуық ғимарат жермен жексен қирады. Ал бүгін дәл осы сағатта жер сілкінген аймақтарда мыңдаған адам көшеге шығып, жер сілкінісінен көз жұмғандарды еске алды. Қабірлеріне гүл шоқтарын қойды.
Туркан Аккоч, Хатай қаласының тұрғыны:
Өміріміз түбегейлі өзгерді. Өзіміз Германияда тұрамыз. Ата анам, ағам төртеуміз туыстарымызға қонаққа келгенбіз. Екі күннен кейін Германияға қайтуымыз керек болатын. Алайда сол түні мен үшеуінен де айрылып қалдым.
Мустафа Масатлы, Хатай губернаторы:
Алтыншы ақпаннан бастап қаламыздың сыртқы көрінісі ғана емес, тұрғындардың өмірі де түбегейлі өзгерді. Қазір Хатайда бұған дейін әлемде болмаған қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Болашаққа сеніммен қарап, қаза тапқан жақындарымызды ешқашан ұмытпаймыз. Бүгінге дейін апат болған аймақта 201 мың баспана берілген. Дәл қазір тағы 450 мың ғимараттың құрылысы жүріп жатыр.
Биыл жыл соңына дейін үйлердің құрылысы толық аяқталады деді министр.
Мұрат Курум, Түркияның қоршаған ортаны қорғау және қала құрылысы министрі:
2025 жылдың соңына дейін апат болған өңірде 453 мың үй мен жұмыс орнын ел игілігіне тапсырамыз. Бүгінге дейін салынуы жоспарланған барлық ғимараттардың 45 пайызы пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін 100 пайызы бітеді.
Ғасыр апаты деген атау берілген жер сілкінісі Түркия халқына да, мемлекетіне де ауыр сынақ болды. Бір ғана Хатайда 80 мыңнан аса үй қираған. Сондықтан апаттың зардаптарын жою жұмыстары әлі де жалғаса бермек.
Айдос Әшімұлы
