2024 жылы темір жол саласындағы өндіріс көлемі 600 млрд теңгені құрады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

2024 жылы темір жол саласындағы өндіріс көлемі 600 млрд теңгені құрады

05.02.2025

Темір жол машиналарын жасау саласында алдағы 2 жылда 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Жауапты министрліктің жоспары осындай. Өткен жылы елдегі 21 мың шақырым темір жолмен 21 миллионға жуық жолаушы және 430 миллион тоннадан астам жүк тасымалданған. Соңғы 10 жылда 600-ге жуық вагон жаңартылды. Әріптесім Серік Жұмабек саланың өткен жылғы жұмыс қортындысына шолу жасады. Толығырақ сюжеттен көріңіз!

Былтыр темір жол машина жасау саласындағы өндіріс көлемі рекордтық деңгейге жетті. Отандық зауыттар 124 локомотив, 2565 жүк және 122 жолаушылар вагонын жасады. Саланың инвестициялық тартымдылығыда артып келеді. Мысалы былтыр 23,2 млрд теңге инвестиция тартылған. Алдағы екі жылда 3000 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін тағы 12 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ.

Төреәділ Әбдірахманов, ҚР ӨҚМ өнеркәсіп комитетінің электротехникалық және ауыр машина жасау басқармасының басшысы:

2025 жылы жүзеге асатын жобалардың бірі Астана қаласында орналасқан «Stadler Kazakhstan» зауыты. Бұл зауыт жолаушылар вагонын шығаратын болады. Биылғы жылы бұл зауыт 51-ге жуық алғашқы вагондарын шығаруды жоспарлауда. Сонымен қатар Атырау облысында ашылған «Атырау вагон құрастыру зауыты». Зауыт 6000 жүк вагондарын шығаруға қуатты. Зауыт осы жылы алғашқы 700 вагонын шығаруды жоспарлауда.

Қазір Астана, Алматы және Арыс қалаларында локомотивтерге техникалық қызмет көрсететін зауыттар салынып жатыр. Солардың бірі биыл Жамбыл облысында іске қосылады. Сондай-ақ СҚО тез бұзылатын жүктерді тасымалдауға арналған термос вагондарын шығарудың екінші кезеңі басталады.

Аслан Дүйсембеков, «Электровоз құрастыру зауыты» ЖШС көмекші жүйелер бойынша жобалық операциялық менеджері:

Бүгінгі таңда ЭҚЗ екі жобамен жұмыс істеп жатыр. Ол бізде kz8 және kz4. Оның біреуі жүк тасымалдауға екіншісі жолаушылар тасымалдауға арналған электровоздар. 2025 жылы kz6 жобасын қолға алып, іске асырмақшымыз. Ол контейнер тасымалына арналған электровоз. 6 шанақты электровоз болады.

2024 жылдың қортындысы бойынша саладағы өндіріс көлемі 600 млрд теңгені құрады. Қазір елдегі 60- қа жуық отандық кәсіпорында 8 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Өткен жылдың өзінде Астана, Қостанай және Екібастұз қалаларында 215 адамды жұмыспен қамтыған жаңа өндіріс орындары ашылды. Министрліктің алдағы мақсаты 2028 жылға қарай жаңа буындағы жүк электровоздарын жасау. Осылайша, өндірісті 40%-ға арзандатып, өнімділікті 20%-ға арттыру көзделген.

Серік Жұмабек


Хабарламаларға жазылу