«Таза Қазақстан» жалпыұлттық акция аясында Жетісу облысы Лепсі ауылының оқушылары орман қорын молайтуға үлес қосты. Жоңғар Алатауы ұлттық табиғи паркі, Лепсі филиалы қызметкерлерінің көмегімен балалар арнайы контейнерлерге жабайы алма мен кәдімгі шырша тұқымдарын отырғызды. Табиғат жанашырлары жастарға бір түйір дәннен биік ағашты өсіріп шығару үшін қандай еңбек пен қаншама уақыт қажет екенін түсіндірді. Егілген әр дән көшет болып өсіп-өніп шыққанша оқушылардың бақылауында болады. Лепсі және Байзерек ауылының балалары 400-ден астам ағаштың тұқымын септі. Ал мұндай шара облыс аумағында орналасқан ерекше қорғалатын аймақтар, атап айтқанда ұлттық парктер мен орман шаруашылықтарында ұйымдастырылды.
Нұрдана Досанқызы, оқушы:
Біз бұларды қазір стақандарға отырғыздық. Ал сосын көктем келгенде далаға шығарып егеміз, суарамыз, қараймыз. Сөйтіп оларды біз мектеп бітіргенге дейін күтіп-баптаймыз.
Қуаныш Қанатұлы
![](https://px.mediadata.kz/s.gif?mh_id=7916e9245b3c5232be2c21bfdafded87&mh_news=Жетісуда оқушылар орман қорын молайтуға үлес қосты&mh_tags=Qazaqstan&mh_page=https://qazaqstan.tv/news/206340/)