Қызылорда облысы Сырдария ауданының Қоғалыкөл ауылында көне көрік пешпен темір түйетін ұста тұрады. Талғат Ыдырысов сан ғасырлық тарихы бар кәсіпті жаңғыртып, бүгінде шағын ұстаханасынан елге қажетті дүниелер шығарып жүр.
Талғаттың көрік пеш жағып, ұсталықты кәсіп етіп келе жатқанына 30 жылдан асқан. От үрлегішпен темір қыздырып, одан бұйым жасау қып-қызыл машақат. Ең әуелі көріктің бабын білу керек. Ауа үрлеген сайын оттың қызуы жоғары болады. Төске салып, темірді ұрып, қалаған қалпыңа келтіру де шеберлікті қажет етеді.
Талғат Ыдырысов, ұста:
Дамыған заманға дейінгі бұрынғының зауыты болған ғой. Бүкіл өмірге керек дүниенің бәрі осы көрік отпен жасап шығарылған. Қазір халыққа қажетті кетпен жасадым, мехнизаторларға керекті құралдар жасаймын. Халыққа не жұмыс келеді, қолымнан келгенін жасап беріп жатырмын.
Шебердің қолы ортақ. Қоғалыкөлдік ұстаға ауыл жұрты ғана емес, сырттан да адамдар іздеп келіп, керегін жасатады. Темірден түйін түйген шебер тіпті агротехникалардың сынған бөлшектерін де қайта кәдеге жаратып, шаруа қожалықтарына да қолдан келген көмегін беріп келеді.
Оразбай Төлегенов, Шіркейлі ауылының тұрғыны:
Мына дүниемізбен базарға барсақ, 600 мың теңге шығынға ұшыраймыз. Қалтаға қонымды ақшаға Талғат бізге жарамды етіп берді. Екінің бірінің қолынан келіп, мұндай ұсталықты атқарып кете алмайды. Әрбір қызметі енді ел халықтың игілігіне жаратып жатыр.
Бүгінде Талғат секілді көрік пеш пайдаланатын ұсталар жоқтың қасы. Бабалардан қалған асыл мұраны көзінің қарашығындай сақтап, әлі күнге дейін ата кәсіпті жаңғыртып жүр. Алдағы уақытта ол көне ұсталық өнерді жас ұрпаққа үйретуді көздейді.
Талғат Ыдырысов, ұста:
Бұрынғы кезде ұсталардың еңбегі ерен деп айтар едім. Қазір енді шет қалып бара жатқаны. Заман дамыған сайын зауыт, фабрикалар басып шығарып жатыр ғой. Олар жоқ кезде елдің ел болып қалыптасуына ұсталардың қосқан үлесі өте зор. Елде қазір ұстаханалар жойылып бара жатыр десек те болады.
Шебердің қолынан шыққан дүниелер түрлі көрмеге қойылып, әркез жоғары бағаланып келеді. Қарапайым еңбек адамының басты ұстанымы – көптің алғысын арқалап, халыққа қызмет ету.
Әділбек Серікұлы
