АҚШ-та сауда дауы қыза түсті
Мексика, Канада мен Қытай Дональд Трамптың шешіміне жауап ретінде америкалық тауарларға тариф енгізбек. «BBC-дің» мәліметінше, Канадада америкалық тауарлар дүкен сөрелерінен алып тасталып, орнына жергілікті өнімдер қойылып жатыр. Ал АҚШ-тың өнеркәсіп топтары тарифтер ел экономикасының жағдайын нашарлатады деп алаңдайды. Дональд Трамп болса, тарифті одан әрі ұлғайтатынын ескертіп отыр. Толығырақ Арай Төлегенқызының материалында.
Канада мен Мексика президент Дональд Трамптың шешіміне жауап ретінде америкалық тауарларға тариф енгізгелі жатыр. Ол жүзеге асса, АҚШ экспортына кедендік салық 25 пайызға өседі. Қытай да заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін қажетті шара қабылдамақ. Елдің сауда министрлігінің мәлімдеуінше, Трамптың шешімі Дүниежүзілік сауда ұйымының ережелеріне қарама-қайшы.
Лю Цзюаньси, Қытай тұрғыны:
Екі жақты шара қабылдаған дұрыс деп ойлаймын. Біріншіден АҚШ-тың өзіне тариф енгізу, сондай-ақ бұл елге қарсы дипломатиялық құралдарды да қолданған жөн.
Ақ үй басшысы болса, тарифті одан әрі ұлғайтуы мүмкін екенін ескертті. Сенбіде Дональд Трамп Мексика мен Канададан импорталатын тауарларға 25 пайыз, ал қытайлық тауарларға 10 пайыз салық енгізетінін мәлімдеді. Канадалық энергетикалық өнімдерге де 10 пайыз тариф жоспарланған. Шара ертең күшіне енеді. Трамп мұндай қадам Құрама штаттарды улап жатқан есірткі ағынын тоқтату үшін қабылданғанын айтты. Сонымен бірге ол Еуропа Одағына да тариф енгізілуі мүмкін екенін меңзеді.
Дональд Трамп, АҚШ президенті:
Еуропа одағына да қолданылуы мүмкін. Олар бізді пайдаланып келді. Білесіз бе, арамыздағы сауда тапшылығы 300 млрд долларға жеткен. Олар бізден автомобиль, ауыл шаруашылық өнімдерін сатып алмайды. Ал біз олардан миллиондаған көлік, азық-түлік сатып алып жүрміз.
Канада, Мексика мен АҚШ экономикалары терең интеграцияланған. Олардың шекарасынан күн сайын шамамен 2 млрд доллардың өндірістік тауары өтеді. АҚШ мұнайдың 60 пайызын, үй салуға қажет ағаш материалдарының 30 пайызын Канададан импорттайды. Қытайдан тұрмыстық электроника сатып алады. Демек тарифтер автомобиль бөлшектерінен бастап, авокадо бағасына дейін әсер етпек. Мысалы, АҚШ-тағы автокөліктің орташа бағасы 3 000 мың долларға өсуі мүмкін деген болжам бар. Трамптың өзі де «тарифтер уақытша, қысқа мерзімді үзілістерге» әкелуі мүмкін екенін мойындады.
Томас Сэмпсон, Лондон экономика мектебінің доценті:
Осы тарифтердің кесірінен мысалы, Құрама Штаттардағы үй шаруашылықтарының табысы бір пайызға немесе шамамен мың долларға қысқарады. Мұны АҚШ-тың салық саясаты орталығының сараптамасы көрсетіп берді. Ал Канада мен Мексика тұрғындары америкалықтарға қарағанда әлдеқайда көп зардап шегуі мүмкін.
Бұл шешімнің жаһанға салдары бүгін Азия мен Еуропа қор нарықтарының құлдырауынан көрініс тапты. Мәселен, жапониялық «Никкей», оңтүстіккореялық «Коспи» 2,5 пайызға төмендеді. Экономистердің пікірінше, кедендік салықты күрт өсіру және оған жауап беру жаһандық сауда соғысының жаңа дәуірін бастап, тауарлар құнын шарықтатып жіберуі мүмкін. Экономикалық өсім тежеледі деген болжам долларға сұранысты күшейтті. Бүгін Америка ақшасы 0,4 пайызға нығайып, Қытай валютасы юаньды рекордтық деңгейге дейін әлсіретті. Сонымен қатар Канада мен Мексика төлем бірліктері де доллардың қасында айтарлықтай құнсызданып жатыр.
Арай Төлегенқызы
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
