Атырау облысы Қызылқоға ауданына қарасты Қарабау ауылынан 10 шақырым жерде біздің дәуірімізге дейінгі V ғасырға жататын обалар қазылған. Сарматтардың. Олардан түрлі әшекей бұйым, қару-жарақтар, керамикадан, сүйектен жасалған ыдыстар табылды.
Сөйтіп Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің 2 жылдық археологиялық жұмысының нәтижесі "Сармат алтындары" көрмесінде таныстырылды. «Ғалымдар осыған дейін біздің аймақты Сармат империясының шеті деп есептеп келген. Біз жүргізген қазба жұмыстарының нәтижесіне қарап Каспий ойпаты, Жайық, Жем өзенінің маңы кезіндегі үлкен империяның орталығы деп айтуға болады.
Жалпы табылған жәдігердің саны мыңға жуықтайды. Оның жүз шақтысы алтын әшекей мен зергерлік бұйым», – деді археологиялық экспедицияның басшысы Марат Қасенов.
Осындай қазба жұмыстарынан кейінгі жаңалықтар бірінен бірі өтеді, тамаша. Тамсанып тыңдай бересің. Археологтардың айтуынша, Атырау облысында 500-ге жуық сармат обасы бар.
Жерімізді мекендеген ұлыстар, қағанаттар, хандықтардың тарихын зерттеу не үшін керек? Өзіңе дейін өмір сүргендердің кім болғанын, қандай болғанын білген дұрыс. Бертінгілерді зерделеу - өз болмысыңды тануға көмектесетіндей. Иә, кейде сентимальді күйге түсіріп, толқытады. Дегенмен негізгі қорытынды - дос та, дұшпан да әуелі ұлыстың өз ішінде екені.
Атыраудағы меншікті тілші Нұрсұлтан Нұрсейіттің материалы.
