Бүгін Астанада Ұлттық құрылтайдың «Азаматтық қоғам», «Мәдениет. Өнер. Руханият», «Білім және ғылым» атты жұмыс секцияларының отырыстары өтті. Президенттің көмекшісі Руслан Желдібай, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек секциялардың модераторлары болды. Сондай-ақ, секциялардың жұмысына Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қатысты. Ал секция басталмас бұрын Ұлттық құрылтай төрағасының орынбасары – Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Ұлттық құрылтайдың биылғы қызметінің негізгі бағыттары Президенттің қаңтар айында «Ana tili» газетіне берген сұхбатында және Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде айқындалғанын айтты. Мемлекеттік кеңесші жүргізіліп жатқан реформалардың маңызын атап өтті.
Ерлан Қарин, ҚР мемлекеттік кеңесшісі:
Былтырдың өзінде жалпы құны 1,2 триллион теңге болатын 169 өндіріс іске қосылып, 14 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. 7 мың шақырым инженерлік-коммуникация желісі, 12 мың шақырым жол жөнделді және салынды. Өткен жылдың өзінде жүзден аса мектеп салынды. Ғалымдардың, мұғалімдердің, жұмысшы мамандықтардың мәртебесі артып келе жатыр. Жастар саласына қандай көңіл бөлініп келе жатыр. Креатив саласына қандай қолдау көрсетіліп жатыр. Энергетика, ауыл шаруашылығы саласында қандай үлкен өзгерістер жасалып жатыр. Осының бәрі мемлекет пен қоғам арасындағы сындарлы диалогтың арқасында, сіздердің еңбектеріңіздің арқасында.
Азамат Бейбітұлы