Маңғыстау, Алматы, Жетісу облыстарында тек шетелдіктерге арналған казинолар ашылмақ. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде айтылды. Жалпы, лудоманияға қарсы күрес мақсатында былтыр ойын бизнесі және лотерея салаларында ауқымды заңнамалық түзетулер қабылданды. 8 кодекс пен 14 заңға 150 түзету енгізілді. Тіпті арнайы ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитеті құрылған болатын. Бірақ лудоманиямен күресті күшейтіп жатқан тұста казиноларды ашудың қажеті қанша еді? Тілші жауап береді.
Туризмді түлетудің тетігі көп. Соның бірі – құмары тәуекелмен қанатын қалталы туристерге ойын алаңын ұсыну. Макао, Сингапур, Малайзия және Филиппин елдерінде бұл тәжірибе – табыстың көзіне айналған. Үш облыста казино ашылса, мыңдаған жұмыс орны пайда болып, миллиардтаған салық түседі. Жауапты министрліктің жауабы осындай.
Әділет Тұрғанбаев, ойын бизнесі және лотореяны реттеу комитеті төрағасының міндетін атқарушы:
Инвесторларды біз қазір Қытайдан іздестіріп жүрміз. Ресейден қарастырып жүрміз және мынау Еуроодақ әрбір үстел және әрбір ойын автоматы үшін төленетін арнайы салымдар бар. Біз соның көлемін екі есе төмендетейік деген ұсыныс бердік. Шетелден келетін азаматтардың ұтыстардан табыс салығынан босату. Себебі азаматтар мұнда келіп салық төлесе біздің тартымдылығымызға кері әсер етеді.
Өзін-өзі ойыннан шектегендердің саны артып келеді
Ең бастысы – ол казиноларға тек шетел азаматтары ғана кіре алады. Қазақстандықтар казинодан бөлек, жалпы құмар ойындарға шектеу ширатылып жатыр. Мысалға, қазірдің өзінде 85 мыңнан астам мемлекеттік қызметшіге, 70 мың әскери қызметшіге, 100 мыңға жуық құқық қорғау және арнайы органдардың қызметкерлеріне бәс тігуге тыйым салынды. Өз еркімен бас тартып жатқандар да аз емес.
Мирас Төлебаев, ҚР Туризм және спорт министрінің орынбасары:
Өзін-өзі шектегендердің санын 3 мыңнан 188 мың адамға дейін ұлғайды. Түскен өтініштері бойынша өзін-өзі шектеу мерзімі 1 жылдан 10 жылға дейін ұзартылды. 12 мың азамат жаңа норманы пайдаланып, өздерін он жыл мерзімге шектеу қойды.
Қазіргі заң бойынша борышкерлерге бәс тігуге болмайды. Дегенмен былтыр борышкерлерден бәс қабылдаудың 80 фактісі тіркеліп, оған жол берген 5 букмекерлік кеңсенің үстінен әкімшілік іс қозғалған, бір кеңсе жауапқа тартылған.
Азамат Бейбітұлы
