АҚШ астанасы Вашингтонда сәрсенбіде болған әуе апатынан ешкім тірі қалған жоқ. АҚШ президенті Дональд Трамп осыны жеткізді. Бортында 64 адам болған «Бомбардьер» ұшағы Рейган әуежайына бағыт алғанда, үш әскери қызметкер мінген тікұшақпен соғылды. Екі әуе көлігі Потомак өзеніне батты. Іздеу-құтқару операциясы апаттан кейін бірден басталды. Соңғы мәліметтерге сай, 30 адамның денесі шығарылған. Марқұмдардың есімдері әлі аталған жоқ. Олардың арасында АҚШ пен Ресейдің әлемге танымал мәнерлеп сырғанаушылар мен жаттықтырушылары болғаны мәлім. Өзеннен ұшақтың қара жәшіктері табылды. Апатқа не себеп болғаны әзірге белгісіз. Дональд Трамп бұған бұрынғы әкімшілік кезінде әуе диспетчерлерін жұмысқа алу стандарттарының төмен болуы себеп деген болжам айтты. Рейган әуежайында ұшақ пен тікұшақтың қозғалысын тек бір әуе диспетчері басқарғаны да апатқа себеп болуы мүмкін екені бұған дейін айтылған еді. Әдетте мұндай тәжірибе бар, әрі ол ережені бұзу болып саналмайды. Коммерциялық лайнер апаты бұған дейін АҚШ-та соңғы 16 жылда болмаған.
Арай Төлегенқызы