Премьер-министр Олжас Бектенов Иранның бірінші вице-президенті Мохаммад-Реза Арефпен кездесті. Тараптар сауда-экономикалық қарым-қатынастарды тереңдету, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика саласындағы ынтымақтастықты, сондай-ақ, инвестициялық өзара іс-қимыл мәселелерін қарады. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 8,1%-ға артып, шамамен 300 млн долларға жетті. Қазақстан тарапы жалпы құны 132 млн доллардан асатын 60 тауар түрін әртараптандыруға, экспорт көлемін ұлғайтуға және ауқымын кеңейтуге қызығушылық танытты. Ал Иран тарапы екіжақты ынтымаққа дайын екенін жеткізді.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
Иран біздің Каспий өңіріндегі тату көршіміз және Ислам әлеміндегі жақын серіктесіміз. Қазақстан мен Иран арасындағы қарым-қатынастардың тамыры тереңде жатыр. Бұған халықтарымыздың ортақ тарихы мен мәдениеті куә. Екіжақты байланыстар барлық бағытта жоғары динамиканы көрсетуде. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тегеранға жасаған ресми сапары шеңберінде екі ел арасында елеулі келісімдерге қол жеткізілгені мәлім. Екі ел үкіметтерінің негізгі мақсаты мемлекет басшылары айқындап берген міндеттерді толық орындау және Қазақстан Иран әріптестігін сапалы, жаңа деңгейге көтеру болып отыр.
Сондай-ақ, Олжас Бектенов Қырғызстан премьер-министрі Адылбек Қасымалиевпен де келіссөз жүргізді. Кездесуде сауда-экономикалық ынтымақтастық, су, көлік-логистика, энергетика, мәдени-гуманитарлық, туризм және басқа да салалардағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды. Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екендерін жеткізді.
Серік Жұмабек