Қоғам белсенділері СЭС құрылысына қарсы
Жетісу облысында 2030 жылға дейін бір ғана Көксу өзеніне 10 су электр станциясын салу жоспарланған. Қазіргі таңда Рудничный ауылының маңында екеуінің құрылысы басталып кетті. Алайда қоғам белсенділері мен табиғат жанашырлары бұл жоба Жетісудың бір маржаны саналатын Көксу өзеніне, ондағы флорасы мен фаунасына нұқсан келтіреді, деп дабыл қағуда. Сондай-ақ, бұл өзен рафтинг сынды судағы спорт түрлерінен жарыстар мен жаттығулар өткізуге де өте қолайлы. Кәсіби спортшылар энергокешен салынса, бұл спорт түрі де дамымай қалады деп алаңдаулы.
Рудничный ауылының маңында салынып жатқан екі су электр станциясының жалпы қуаты 42 мегават болмақ. Қазіргі таңда нысанда құрылыс қарқынды басталып кетті. Үкімет қаулысымен қолға алынған кешен 2026 жылдың күзінде пайдалануға берілмек.
Қуаныш Қанатұлы, тілші:
Дәл осы жерде, Көксу өзенінің арнасына бірнеше бөгет салынады. Оның екеуі уақытша болса, енді біреуіне су жинайды. Көлемі 13 мың текше метр болатын резервуардың ұзындығы тауға қарай 207 метрге созылады.
Бөгетке дейін де бөгеттен кейін де рафтингпен айналысатын спортшылардың жолы бөгеледі. Ал бұл жерде экстрималды спорттан түрлі халықаралық деңгейде жарыстар өтіп, қазақстандық спортшылар жаттығу жасайтын. Көксу сайында бұл спортпен бірге экотуризм де жақсы дамып келе жатқан. Енді мұның бәрі құрдымға кетеді дейді, рафтинг федерациясының Президенті Константин Гук-Сенович.
Константин Гук-Сенович, ҚР Рафтинг федерациясының президенті:
Осы өзеннің арқасында біз әлем чемпионы атандық. Халықаралық жарыстарда топ жардық. Әнұранымыз асқақтап, көк Туымыз биікке көтерілді. Спорттағы жетістіктерді айтпағанда біз Көксудың тұмса табиғатынан айрылып қаламыз. Ертең ұрпаққа не қалдырамыз? Мен бірінші кезекте сол үшін алаңдаймын.
Құрылысты жүргізіп жатқан компания басшылары алаңдауға негіз жоқ екенін айтады. Тіпті судағы балыққа да бөлек арна қарастырып қойған. Үкімет қаулысымен салынып жатқан соң барлық рұқсат құжаттары да түгел екенін алға тартуда. Спортшыларға да су электр станциясына дейін және кейін жүзу жолдарына жағдай жасап беруге дайын.
Әли Қарабалин, құрылыс компаниясының жетекшісі:
Рафтингпен айналысатындардың наразылығы орынды. Түсінеміз. Біз олардың судағы жолдарына кедергі болмайтындай жағдай жасауға дайынбыз. Мәселені екі жақты қарастырып, ортақ мәмілеге келуге де дайынбыз.
Табиғат жанашырларынан бөлек археологтар да су электр станциялары салынып жатқан аймақтарда әлі зерттелмеген оба-қорымдар мен таңбалы тастар көп екенін айтуда. Нысандар іске қосылса, ол жаққа да жол жабылады деп алаңдауда.
Қуаныш Қанатұлы
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
