Маңғыстауда шаруаларға жем-шөпке мемлекеттен көмек беріле бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстауда шаруаларға жем-шөпке мемлекеттен көмек беріле бастады

29.01.2025

Маңғыстаулық шаруалар төрт түліктің жем-шөбіне қайтадан субсидия ала бастады. Қуаңшылық жылдары беріліп келген мемлекеттік көмек былтыр тоқтап қалған еді. Үкімет Маңғыстаумен қоса, Атырау, Қызылорда және Ұлытау өңірлерінің климаттық ерекшеліктерін, жем-шөптің сырттан тасымалданатынын ескеріп, мал азығына жеңілдік жасап жатыр.

Сайөтес ауылының тұрғыны Мырзатай Қойшыбаев 40 жылға жуық мал шаруашылығымен айналысады. Бүгінде «Адай» жылқысына қоса, сиыр және түйе бағады. Шаруашылықтың жұмысы заманауи технологиялардың көмегімен жеңілдетілген.

Шаруашылықта электр энергиясы күн сәулесінен алынады. Ол үшін бірнеше жерге күн батареиялары қойылған. Тіпті малды суару үшін автоматтандырылған қондырғы іске қосылған. Ол күн көзінен қуат алып, 45 метр терең құдықтан су жинап, төрт түлікті өздігінен суарады.

Шаруа әсіресе Маңғыстауда мемлекеттің көмегінсіз мал шаруашылығын дамыту мүмкін емес, - дейді. Себебі, шөлейтті аймақта су тапшы, құдық қазу қиын. Сондықтан осы кезге дейін Үкіметтен көп көмек алған. Соның арқасында шаруашылығы өркендеп, ет, сүт, қымыз өндіреді. Жем-шөпке берілетін субсидияға алғашқылардың бірі болып қол жеткізген. Мемлекеттен 4 миллионға жақын қолдау қаржы алған.

Мырзатай Қойшыбаев, шаруа қожалығының иесі:

Декабрдің ішінде аяғында 17 сінде ме документ тапсырдық. Облыстық ауыл шаруашылық басқармасы ұйықтамай, қалай да өткізіп әйтеуір сол субсидияны алып берді. Бәрін қамтамасыз етеді деп айта алмаймын бірақ бізге үлкен көмек болды енді ол. Енді бергеннен кейін оның қайтарымы болу керек қой ол субсидияның да, тек Үкіметтен алып алып жата бермейміз, оны өсіру енді сол бағытта жұмыс істейміз деп ойлаймыз, жұмыс істейміз, мал басын өсіріп жатырмыз қазір.

Аймақта қуаңшылыққа байланысты төрт-түліктің аналық басына берілген қаражат былтыр тоқтатылған. Алайда облысқа жем 100 пайыз, шөп 85 пайыз сырттан тасымалданатыны ескеріліп, желтоқсан айында қайтадан субсидия бере бастады. Сол кезде 400 ге жуық шаруаға 715 млн теңге төленген. Ал, үлгермегендер былтырғы мен биылғы жылдың көмегін енді алады.

Бердібек Марқабаев, Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

Қазіргі таңда бізде күту парағында тұрған тағы да мыңның үстінде шаруа қожалықтары бар оның ішінде іріктеліп шығады, соған 1,1 мрлд теңге ақшамыз бар салып қойып отырған, ақпан айында төлеп береміз. Үлгермей қалғандар бар енді оны осы жылдың май айынан бастаймыз, сол кезде заявка қабылданып бастайды. Содан бастап төлеп бастаймыз.

Басқарма басшысының айтуынша, жем-шөпке көмек 2028-жылға дейін берілуі мүмкін. Одан әрі субсидиядан жеңілдетілген несиеге көшу мәселесі қарастырылуда.

Аягөз Оралбайқызы

Хабарламаларға жазылу