Басты Жаңалықтар Мәжілісте сотталған әйелдерге рақымшылық жасау ұсынылды

Мәжілісте сотталған әйелдерге рақымшылық жасау ұсынылды

Мәжілісте сотталған әйелдерге рақымшылық жариялау ұсынылды. Ауыл партиясының фракциясы сотталған әйелдердің жасаған қылмысы зорлық-зомбылық жасаумен байланысты болмаса, қоғам үшін қауіп төндірмейтін болса, ондай әйелдерге амнистия жасау мүмкіндігін қарастыру керек дейді. Бүгінгі таңда 2336 әйел бас бостандығынан айырылған, олардың жартысы — аналар, оның ішінде 250-і көпбалалы ана. 1500-ден астам бала анасыз қалып, аналарымен қауышуды күтуде. 100-ге жуық сәби балалар үйіне жіберілген.

Қарақат Әбден, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Аталған шара отбасының қауышуына, анасынан ажыраудың балаларға тигізетін салдарын азайтуға септігін тигізіп қана қоймай, қылмыстық саясатты ізгілендіру жолындағы маңызды қадамға айналады. Отбасы үшін, қоғам мен мемлекет үшін бұл шешімнің ұзақ мерзімді оң әсері болмақ. Сондықтан әйелдер өз отбасылары мен балаларына оралуына мүмкіндік берейік.

Мыңнан астам Қазақстан азаматы шет мемлекетте жазасын өтеп жатыр

Бүгін Мәжілісте Қазақстан мен Қатар арасында құқықтық мәселелерге қатысты екі құжат қабылданды. Келісім күдіктілер мен айыпталушылардың кінәсін дәлелдеу үшін тиісті іс-әрекеттерді қамтып отыр. Қабылданған құжаттың мақсаты – қылмыс жасап, Қатарда жасырынып жүрген адамды Қазақстанға алып келу.

Ғалымжан Қойгелдиев, ҚР Бас прокурорының орынбасары:

Бүгінде 1100-ден астам қазақстандық азамат шетелде жазасын өтеп жатыр, олардың дені Ресей Федерациясында. Ал Қазақстанда 900 шетел азаматы жазасын өтеп жатыр. Біз қазір қазақстандықтарды отанға қайтару бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз.

Азамат Бейбітұлы


Бөлісу