Алаяқтардан айла артылмай тұр. Олар тіпті жасанды интеллектінің де қыр-сырын меңгеріп алған. Ішкі істер министрлігі таргеттелген жарнама мен жасанды интеллект технологияларын қолдану арқылы жүзеге асырылатын алаяқтықтың жаңа түрлерінен сақтануға шақырады.
Қазір желі қолданушылары дәл менікі секілді суреттерін жасанды интеллектінің көмегімен қалауынша өзгертіп, желіде бөлісіп жатыр. Қолданба денеңіздің пішінін, шаштың түсі мен ұзындығын, және киіміңізді өзгерте алады. Қаласаңыз, шетелде түскендей фото жасап береді.
Алайда жаңа техологияны қолданып, айласын асырып отырғандар да бар. Алаяқтар танымал адамдардың видеосын пайдаланып, оны бұрмалап, жалған инвестициялық қорларды жарнамалайды.
Аслан Өскембаев, ҚР ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары:
Ютуб, инстаграм, фэйсбук платформаларында көп жарнама кездеседі. Бір қарап қалсаңыз болды, әрі қарай алып кете береді. Біздің атақты, танымал азаматтарымыздың сөзін ауыстырып, ЖИ арқылы жарнама жариялап отыр. Сол себепті азаматтарды мұндай видеолар шыққанда міндетті түрде видеодағы адамның мимикасына мән беруді сұраймыз.
Ішкі істер министрлігінің дерегінше, былтыр 2500-ден астам азамат жалған қорларға ақша салған. Олардың арасында жасанды интеллектінің көмегімен жасалған жарнамаларға алданғандар да бар. Ал алаяқтықтың мұндай түрін анықтау үшін жарнамада қолданылған танымал адамдардың бет-әлпетіне, ерін қозғалысы мен дауыстың сәйкестігіне мән беруге шақырады.
Темірлан Нұржанұлы