Енді міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне енген азаматтар, өздері төлеп отырған ай сайынғы жарнаның қайда және қалай жұмсалып отырғанын бақылай алады.
Ол үшін біріңғай жүйе қалыптастырылмақ. Яғни, қордың жұмысы цифрландырылады. Бұл туралы Мәжілісте өткен Үкімет сағатында Денсаулық сақтау министрі айтты. Ақмарал Әлназарованың сөзінше, қазір аталған бағытта қызу жұмыс жүріп жатыр. Бұған дейін дәрігер жетіспеушілігі, тегін дәрі-дәрмек тапшылығы, кейбір диагностикалық аппараттардың жоқтығы мен жүйе жайлы ақпараттың аздығына байланысты министрлік пен МӘМС-тің жұмыс сынға қалған еді.
Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
Ақпараттандыру жүйесіне байланысты жұмыстар жүріп жатыр. Енді осы жылдың аяғына дейін бірыңғай ақпараттандыру жүйесінің мемлекеттік базасын қалыптастырамыз. Жылдың аяғына дейін интеграция мәселесі және бірыңғай жүйені қалыптастыру жұмыстарын аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз.
Сондай-ақ, 2027 жылға қарай алғашқы медициналық-санитарлық көмек те міндетті әлеуметтік сақтандыру пакетіне біріктіріледі. Бұл дегеніміз - ауруханалар тек МӘМС бойынша қызмет көрсетпек. Ал халықтың әлуеметтік осал топтары жергілікті билік тарапынан сақтандырылады.
Нұрсұлтан Тілектес