Басты Жаңалықтар Маңғыстау облысында бюджет қаржысына сапасыз үйлер салынған

Маңғыстау облысында бюджет қаржысына сапасыз үйлер салынған

Маңғыстауда Сайөтес ауылында 150 миллион теңге бюджет қаражатына салынған баспаналар сапасыз болып шықты. Үйдің төбесінен жел улеп, тұрғанын көрген тұрғындар шу көтерген. Басқа да олқылықтары жетіп артылады, дейді ауылдықтар. Бір қызығы, баспана 5 айда тұрғызылып, әкімдік қабылдап алған.

Бұл - апатты үйдің тұрғындарын қауіпсіз жерге көшіру мақсатында салынған баспаналардың төбесі. Ашық-шашық, құрылыс материалдары дұрыс төселмеген. Тұрғындар шу шығарғаннан кейін қайта жасауға тура келген.

Тек төбесі емес, қабырғалары да жарылып, көктеп жатыр. Жаңа үй деген аты ғана, сырты бүтін, іші түтін, дейді Шолпан Сейілханова. Айтуынша, тұрғындар апатты үйден көшеміз деп сан соғып қалған.

Шолпан Сейілханова, Сайөтес ауылының тұрғыны:

Кірсең де, кіресің, кірмесең де, кіресің деген соң, амал жоқтан кірдік. Ал үйдің жағдайы нашар. Көршім Құлбаев Асанның үйі көктеп жатыр. Үй сапасыз салынған.  Ешқандай келісімшарт жоқ. Кілтін бергенде ешкім үйді ашып қарамаған. Қалай болса солай, қоқыс күйінде алдық үйді.

Бұл баспаналар ауылда апатты деп танылған 3 үйдің тұрғындарын көшіру үшін арнайы салынған. Ол үшін бюджеттен 150 млн теңге бөлінді. Екі бөлмелі пәтерлер 11 отбасына үлестірілген. Соның алтауы қоныстанды. Олар үйдің кем-кетік тұстарын өз күштерімен жасауға мәжбүр. Пәтерлер тұрғындарға жалға берілген.

Апатты үйге қатысты дау мұнымен бітпеген. Қирауға шақ тұрған үйде пәтерлері бар, бірақ өздері мұнда тұрмайтын бір топ тұрғын баспана сұрауда. Солардың бірі - Болатбай Әміров. Өзі де, жұбайы да мүмкіндігі шектеулі, науқас жандар. Ауруханасы жақын Ақтауда пәтер жалдап тұрады.

Болатбай Әміров, Сайөтес ауылының тұрғыны:

Мына үй қара суық болған соң, отыра алмай, кетіп қалдым. Ауырып қалып жүрдім. Сосын жылы үй іздеп кеттік. Мен осы үйді талап етемін, үй керек маған.

Ауыл әкімінің сөзінше, пәтерлер апатты үйде тұрып жатқан отбасыларға ғана берілген. Қалған пәтерлердің иесі баспана алу үшін тұрғын үй кезегіне тұрып, соңғы 5 жылда атында үйі болмағанын дәлелдеуі қажет. Өйткені елдімекенде тағы да үй салу мәселесі талқыланып жатыр. Ал сапасыз құрылысқа әкім «қатысым жоқ», - дейді.

Сабыржан Әбдиев, Сайөтес ауылдық округінің әкімі:

Иесі әкімдік емес, аудандық ЖКХ бөлімі тұрғын үйлердің иесі. Мердігер мекеме Армако екеуінің арасында болып жатқан зат. Тұрғын үйлердің төбесі жұқа болғандығы расталып, мердігер мекеме өзінің олқылықтарын жөндеп берді.

Аядай ауылда кейбір тұрғын үйлерге жүргізілген ағымдағы жөндеу жұмыстары да сапасыз жасалған. Соның салдарынан екі қабатты бірнеше үйдің төбесіне су кетіп, тұрғындар туыстарын жағалап жүр.

Аягөз Оралбайқызы


Бөлісу