Ресейде бюджет тапшылығы ұлғайды. Тіпті жалпы ішкі өнімнің 1.7 пайызына жетті. Осылайша бюджет тапшылығы 3.5 триллион рубльға жуықтаған. Қосымша экономикалық шектеулер жарияланса, рубль құнсыздануы мүмкін дейді мамандар. Толығырақ тілші материалында.
2024 жылы Ресейдегі жылдық инфляция 9,5%-ға жетті. Ал қазан айында Орталық банк базалық мөлшерлемені бірден 21 пайызға көтерген. «Мұндай жағдай 30 жылда бірінші рет тіркелді» - дейді сарапшылар. Бюджет шығынын жауып отыратын Ұлттық қор үш жыл ішінде екі есе қысқарған.
Аза Мигранян, Ресей ғылым академиясы экономика институтының ғылыми қызметкері:
Үкімет мүшелері, сарапшылар бірнеше жылдан кейін экономиканы таргеттеу инфляцияға әсер етпейтінін түсінді. Сондықтан Ұлттық банк қаржы нарығына байланысты жуық арада шешім қабылдайды деп ойлаймын.
Экономиканың құлдырауы елде жұмыс күшінің жетіспеуімен де байланысты. Ресейде ер адамдардың саны азайып, еңбек мигранттарына шектеу күшейген. Сондықтан құрылыс, көлік қатынасы салалары ақсап тұр. Ал АҚШ Ресейге қарсы жаңа санкция енгізсе, мұнай тасымалына біржолата шектеу қойылмақ. Үндістанның ең ірі мұнай өңдеушісі Үнді мұнай корпорациясы Ресей мұнайына балама іздеу қажеттілігін мәлімдеді. Енді Үндістан ОПЕК, АҚШ, Гайана және Бразилиядан мұнай тасымалын арттырмақ. 2024 жылы Ресейден бұл мемлекетке жеткізілетін мұнай көлемі 45 пайызға жеткен еді.
Александр Мельников, экономика ғылымдарының кандидаты:
Бүгінгі күні экономикаға жауапты мамандардың алдында үлкен міндет тұр. Тығырықтан шығудың жолын, рубльді ұстап тұрудың амалын қарастыруымыз керек. Ресей ірі келісімшарттарды жоғалтып, логистика бұзылса, экономика үшін тиімсіз. Біз үшін маңызды елдермен әріптестік жалғасуы керек.
Мамандардың айтуынша, мұнай экспортының қысқаруы бюджет тапшылығына әкеп соқтырады. Бұл орталық банкті экономиканың басқа салаларына салық жүктемесін арттыруға мәжбүр етуі мүмкін. Экономистер ақпан айында бір доллар 110 рубльге жететінін мәлімдеді. Яғни инфляция да 10 пайыздан асады деген болжам бар.
Индира бегайдар