Талдықорғанда қатерлі ісіктің ауыр түріне бірегей операция жасалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Талдықорғанда қатерлі ісіктің ауыр түріне бірегей операция жасалды

25.01.2025

Талдықорғанда алғаш рет қатерлі ісікке күрделі операция жасалды. Бұл - обырдың үшінші және төртінші сатысына өтіп асқынып кеткен науқастарға жасалады. Өңірдің онкохирургтарына Израиль мен Италиядан келген мамандар шеберлік сағатын өткізіп, тәжірбиелерімен бөлісті.

Еліміз бойынша мұндай операция тек ғылыми институттарда екі рет қана жасалған. Аймақтардағы онкологиялық орталықтардың ішінде талдықорғандық хирургтар алғашқы болып қолға алды. Гипертермиялық операция қатерлі ісіктің үшінші сатысына өтіп, 10 рет химиялық ем қабылдаған әйелге жасалды.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

Бұл күрделі операция 5-6 сағатқа дейін созылады және екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде, науқастың ағзасы қатерлі ісіктен толық тазартылады. Одан кейін ағза 45 градусқа дейін қыздырылып, НІРЕС аппараты арқылы химиялық препараттармен толық жуылып-шайылады. Израильден келген маманның айтуынша, мұндай операциялар уақыт пен қаржы шығындарын үнемдеп, науқастың өмірін ұзартуға мүмкіндік береді.

Альмог Бен-Яаков Тель-Авивтегі Хаим Шиба атындағы медициналық орталықтың аға хирургі. Онкологиялық ауруларды емдеудің инновациялық әдістерін енгізумен айналысады. Дәл осындай операция сауығып кетуі екі талай деген мыңдаған науқастың өмірін сақтап қалған.

Альмог Бен-Яаков Хаим, Шиба атындағы медициналық орталықтың аға хирургі:

Бұл әдіс метастазасы бар науқастарға да қолданылады. Менің тәжірбиемде дәл осындай операция жасалған адамдардың 40 пайызында өмірі бес жыл және одан да көп уақытқа дейін ұзарғанын байқадық. Ал тек химиялық ем қабылдаған осындай науқастар ары кетсе 7-8 ай ғана өмір сүрер еді.

Операциядан бөлек шетелдік мамандар көпсалалы клиника дәрігерлерінің сұрақтарын жауап беріп, теориялық білімдерімен бөлісті. Жаңа әдіс медициналық және экономикалық жағынан ұтымды болып отыр.

Мадияр Өмірбаев, Жетісу облыстық көпсалалы клиника директоры:

Хирургиялық және химиятерапиялық емі бір этаппен аяқталады. Осының арқасында басқа да дәрі-дәрмектерден үлкен көлемде экономия жасауға мүмкіншілік болады. Израиль мемлекеті осы отаның түрін жасап, бір науқастан 30 мың доллар көлемінде экономия жасайды екен.

Жаңа әдісті клиника дәрігерлері қазірден бастап қолдана бермек. Ал болашақта қазақстандық хирургтер Израильде тәжірибе алмасатын болады.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу