«Жұмыстың жаманы болмайды, кез келген еңбек қадірлі». Бұл – 43 жылдан аса ғұмырын энергетика саласының дамуына арнаған Сахибай Қыстаубаевтың ұстанымы.
17 жасынан еңбекке араласқан маман әр жылдарда токарь, электромонтажер, дәнекерлеуші болып жұмыс істеген. Елеулі ісімен өрге озған азамат биыл алпыстың шыңына шығып отыр. Көпке үлгілі маманның еңбегін ұжымдастары да ерекше бағалап, «Үздік қызметкер» деп танып, арнайы марапаттады.
Сахибай Қыстаубаев, шебер:
1982 жылы жұмысқа араластым. Одан кейін армияға кеттік. Екі жыл Мәскеуде әскерде болдым. Басында шәкірт болып істедік. Еңбектің арқасында, токарь болып, дәнекерлеуші болып істедік. Электромонтажда да істедік. Ұстаздарымыз білгендерін үйретті, біздер қабылдадық.
Жас мамандар келеді, жастар алғыр, айтқан затты бірден ұғып алады. Білмеген жерін түсіндіреміз. Мағанда соны үйреткен, мені де солай маман қылып шығарған. Не көрсек, соны жастарға беріп жатырмыз.
Таңерте, 7.30-да келеміз осында. Механигіміз мына машина сынып тұр, деп айтады. Соған мынадай темір жону керек. Соны көреміз, өлшейміз, сөйтіп станоктан темірлерін жонып шығарамыз. Оңай ештеңе жоқ. Барлық салада да қиындық болады.
Ұжымдастарым өте жақсы, көңілді жүреміз. Екінші отбасымыз сияқты. Бірлеспесең жұмыс жүрмейді. Жұмыста менікі сенікі деп отырмаймыз, бір-бірімізге көмектесіп, солай жұмыс істейміз.
Еңбектің құпиясы шыдамдылық, төзімділікте. Сосын отбасың қолдауы керек. Анам бар, жасы 90-ға келді. Таңертең сол кісінің батасын алып, жұмысқа шығамыз. Немерелерге біреудің ала жібін аттама, таза жүр, спортпен шұғылдан деп айтамын.
Менің салама қызығатын жастарға айтарым, жақсылап оқыса токарь мамандығы қиын емес, бірақ дәлдікпен өлшей білу оңайға соқпайды. Қиындыққа төзімді болып, мен сияқты дәрежеге жетуге талпыну керек.
Сахибай Қыстаубаев, шебер:
Жетістігім осы жұмыстың арқасы. Зейнетке де 3 жыл ғана қалды. Қазіргі жастарға айтатыным осындай мамандықтарға ие болу керек. Энергетика саласы, токарь, дәнекерлеуші деген аса қажетті жақсы мамандықтар.
Айдана Қуантхан