Шиелі кентінің халқы күкірт қышқылы қоймасына қарсы
Қызылорда облысының Шиелі кентінде тұрғындар күкірт қышқылын сақтайтын қойманың салынуына наразы. Бүгінде кәсіпкер жергілікті әкімдіктің де ескертуін пысқырмай, зиянды өндірістің құрылысын жүргізіп жатыр.
Әділбек Серікұлы, тілші:
Күкірт қышқылы ураннан өндіріледі. Адам денсаулығына зиян келтіретін сұйықтықтың 6 мың тоннасын сақтайтын мына қойма санитарлық талаптар бойынша елдімекеннен мың метр қашықта салынуы тиіс. Бірақ зиянды өндіріспен тұрғын үйлердің арасы 500 метрге де жетпейді.
Нысан құрылысына қатысты құзырлы мекемелер де тексеру жүргізіп экологиялық, санитарлық нормалардың сақталмағанын анықтаған. Бірақ жобаны жүзеге асырушы компания ешбір ескертулерді елемей отыр. Тіпті кәсіпкер жер телімін пайдалану мақсатын негізсіз өзгертіп, өрескел заң бұзушылықтарға барған.
Қанат Жүсіпов, аудандық мәслихат депутаты:
Бұл жерді сатып алған кезде ауылшаруашылық пен аудан әкімдігінен бұлар екі мекемені де алдап алып отыр. Себебі ғимаратқа қызмет көрсету, өндіріс орнын ашамыз деп кислота сақтау қоймасын ашып отыр ғой. Жұрттың кәсібінде біздің жұмысымыз жоқ қой. Егер халыққа зияны болмаса, халыққа кесірі тисе, онда біз неге тыныш жатуымыз керек.
Медицина ардагері Болат Күлімбетов күкірт қышқылы қоймасының тұрғынжайларға жақын жерден салынуы жергілікті халыққа жасалынып жатқан қиянат деп есептейді. Себебі уран адам өміріне қауіп туғызатын бірден бір улы шикізат. Сондықтан «Бұл қисынсыз жобаны уақытында тоқтату керек», - дейді ол.
Болат Күлімбетов, медицина саласының ардагері:
Бұл жерде 6 цистерна тұр. Әрқайсысы мың текшеметр. Сонда 6 мың куб. Сонда халықтың жағдайы қалай болады? Бұл күкірт қышқылының тек қана өзі ғана емес, бұның буы да зиян. Ол буы адам тұншығып, өкпеге әсер етіп, өліп кетуі ықтимал. Өте зиянды қышқыл бұл.
Заңсыз құрылыс нысанын салып жатқан компанияны аудан әкімдігі де бірнеше мәрте сотқа беріп, құзырлы органдарға арызданған.
Бағлан Сағындықов, аудан әкімінің орынбасары:
Біз бұл құрылыс бойынша облыстық экономикалық сотқа өзіміздің талап-арызымызды бергенбіз. Бүгінгі күні талап-арыз экономикалық сотта қаралуда. Құрылысты тоқтату мақсатында прокуратураға да бергенбіз. Тағы да басқа құзырлы органдар арнайы жұмыс жасап жатыр осы мәселемен.
Ал экономикалық сот аудан әкімдігінің талап-арызын кері қайтарыпты. Яғни ел қарсы болған өзекті мәселенің әзірге түйіні тартқатылмай тұр.
Әділбек Серікұлы
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
