Президент «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасын қабылдады. Кездесуде Әсел Жанасова былтыр атқарылған жұмыстардың нәтижесіне тоқталды. Соңғы 2 жылда «Қазпошта» таза табыс тауып, бюджетке 45 млрд теңге көлемінде салық және баж алымдарын төлеген.
Сондай-ақ компания Дүниежүзілік пошта одағының рейтингісінде үздік 50 оператордың қатарына енді. Оған тасымал үдерісінің оңтайландырылуы сеп болған. Соңғы жылдары жөнелтілімдердің саны 20 миллионға жеткен. Оның 9 миллионы халықаралық сәлемдеме. Оған қоса тасымалды жеңілдетуге арналған 180 HomePost пункті ашылған. Оның саны биыл мыңға жетпек.
Сондай-ақ, пошталық инфрақұрылымды жақсарту мақсатында шетелдік компаниялардан 50 млн доллар инвестиция тартылған. Кездесу соңында Президент компанияның қаржылық жағдайын жақсарту, ТМД-ға бағытталған көлік-логистика әлеуетін электронды сауда саласында дамыту бойынша жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.
Әсел Жанасова, «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы:
Біз сәлемдемелер көлемін 26%-ға көтердік, 20 миллионға жеткіздік. Оның 42%-ы ауылды мекендерге жетті. Логистикалық транзиттік HUB болу аясында, Alibaba-ның елшілес компаниясы SainiAL-мен бірге ТМД-ның 9 мемлекетіне электронды тауарларды тасымалдаймыз.
Нұрсұлтан Тілектес