Жұмысшы мамандарды бағалау артып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жұмысшы мамандарды бағалау артып келеді

23.01.2025

Бір үйді жарықпен қамту үшін мыңдаған адам еңбек етеді. Солардың бірі Петропавлда трансформатор шығаратын зауытта жұмыс істейтін Нұрсұлтан Нұрмағамбетов. Оның қолынан шыққан электр құрылғылары Қазақстан қалалары мен ТМД елдеріне жөнелтіледі.

Нұрсұлтан Нұрмағамбетов былтыр мемлекеттік бағдарлама бойынша Қызылордадан Қызылжарға қоныс аударған. Бірден жергілікті зауытқа жұмысқа қабылданыпты. Жаңа саланы тез меңгеріп алғанын айтады.

Нұрсұлтан Нұрмағамбетов, зауыт жұмысшысы:

Ақаулы өнім істесек, ол ана жақтағы трансформаторды жинайтын қызметкерлер барады. Пешке салынады, пешке салынғаннан кейін май құйылады. Соңында тексерген кезде, тоқ тиіп тесіліп кетеді. Сондай болса құрылғы кері, артқа қайтарылады. Соңында қаншама адамның еңбегі зая кетеді.

Трансформатор шығару – ұжымдық жұмыс. Әр маман өз бөлшегі үшін жауап береді. Бір тетігі дұрыс жасалмаса, дайын өнімді бұзуға тура келеді.

Мағжан Әмірбек, зауыт жұмысшысы:

Бұл 1 мыңдық катушка болып есептелінеді. Бұл барынша мұқият оралған. Мынау ұшы, соңы деп аталады. Таза шыққанына қарай, кімнің катушкасы екенін аңғаруға болады. Нұрсұлтандікі жинақы болып тұрады.

Зауыт былтыр жұмысшыларға арнап көпқабатты үй салған. Нұрсұлтан мен Жанаттың отбасы алғашқылардың бірі болып, пәтер кілтін алды. Жаңа баспанада 4-ші сәби дүниеге келіп, ерлі зайыпты көпбалалы отбасы мәртебесіне ие болды.

Жанат Нұрмағамбетова, көпбалалы ана:

Қалыпты жүктеме берілгенімен ол көбірек жұмыс істеуге тырысады. Көбірек ақша тапсам екен дейді, балаларымды жеткізсем екен дейді. үйіне қайтқанда балалары сағынып, қуанып қарсы алады.  Ойнатшы, көтерші дейді, далаға шығаршы дейді. Жұмыста да, үйде де, барлық жаққа үлгеруге тырысады.

Ол бос уақытында сурет салумен айналысады. Жас маман бала-шағасына әр шаңыраққа жарықтың қандай еңбекпен келетінін үнемі түсіндіріп отыратынын айтады.

Эльмира Кәленова


Хабарламаларға жазылу