Талдықорғанда 10 жыл бұрын басталған құрылыстар әлі тұр
Талдықорғанда осыдан 10 жыл бұрын құрылысы басталған көпқабатты үйлер әлі салынып бітер емес. Нысан «Қазақстан» тұрғын үй компаниясына тиесілі болғандықтан, жергілікті әкімдік те мәселені шешуге араласа алмай отыр. Жалғыз бұл емес, облыс орталығында тағы бір әкімшілік ғимараттың да құрылысы тұралап, шаһардың сәулетін бұзып тұр.
Бір ғана 6-ықшам ауданда құрылысы басталып, аяқсыз қалған осындай төрт нысан бар. Жертөлесі жазда ит-мысыққа, қыста қаңғыбастарға пана. Ашық-шашық жатқан құрылыс алаңы әсіресе балалар үшін қауіпті дейді тұрғындар.
Нұрланбай Рахымбекұлы, қала тұрғыны:
Көріңіздерші, мынау деген сұмдық қой. Кішкентай балаларға қашанға біз қарап отырамыз. Кішкентай бала қазір не түсінеді. Екі минуттан кейін ұмытып кетеді де, мына жерге кіріп кетеді. Осы жерде ойнайды.
Назым Ахметшенова, қала тұрғыны:
Жоғарыда отырған басшылар қолға алып, осында үй салса, қаншама адамдар жүр үйсіз-күйсіз. Мұқтаж адамдарға салып берсе игі.
Тұрғындар мәселені көтеріп, әкімдікке бірнеше рет хат жазған. Алайда нәтиже жоқ. Себебі бұл шала салынған баспана «Қазақстан» тұрғын үй компаниясының меншігінде. Жергілікті билік бұл нысандарды коммуналдық меншікке сұрағанмен иелері аукцион арқылы сатуды көздеп отыр.
Рүстем Бершінбеков, қала әкімінің орынбасары:
КЖК-ның мәліметі бойынша олар аукцион өткізіп жатыр. Голланд методы бойынша аукцион өтікізіп жатыр. Егер ешкім қызығушылық танытпай, қатыспаған жағдайда, қайта бағалау жасайды. Қайтадан бағасын түзейді де, жаңадан аукционға тапсырады.
Демек бұл бірер күнде, тіпті бірнеше айда шешілетін мәселе емес.
Қуаныш Қанатұлы, тілші:
Мына 5 қабатты ғимараттың салынғанына да бірнеше жыл болды. Әуел баста бұл жер облыстық соттың кеңсесі болуы керек болатын. Алайда аймақ екіге бөлінгендіктен, ондай зәулім ғимаратқа қажеттілік болмай қалды. Одан кейін бұл жерде кардиологиялық орталық болады деп шешілген болатын. Белгілі бір себептермен бұл жоспар да жүзеге аспай қалды. Ал енді жергілікті биліктің шешімімен бұл нысанды қалалық емханаға айналдыру жоспарланып отыр.
500 адам қабылдайтын емдеу мекемесіне кететін шығын да есептеліп те қойған. Енді жергілікті немесе республикалық бюджеттен қаржы бөлінуі тиіс.
Қуаныш Қанатұлы
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
