Президент елшілерден сенім грамотасын қабылдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент елшілерден сенім грамотасын қабылдады

22.01.2025

Қазақстан нарығы экономикалық ынтымақтастыққа ашық. Елшілерден сенім грамотасын қабылдаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Бүгін Ақордаға 9 елдің жаңадан тағайындалған дипломаты келді. Мемлекеттер арасындағы қарым-қатынас қалай дамиды? Тілші материалында.

Көк кілем, сап түзеген сарбаздар. Жаңа елшілерді салтанатты түрде қарсы алу қалыптасқан дәстүр. Дипломаттар әуелі көк туға құрмет көрсетті.

Сенім грамотасын Президентке табыстау дипломат жұмысының ресми басталуын білдіреді. Бүгін Кипр, Жапония, Қытай, Аустрия мен Буркина-Фасо, Лаос, Жаңа Зеландия, Дания және Словенияның өкілдері ресми түрде қызметіне кірісті. Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің негізгі ұстанымдарын айтты. Қазақстан өңірдегі инвестиция тарту бойынша көшбасшы ел ретінде экономикалық ынтымақтастыққа ашық екенін мәлімдеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті

Біз Біріккен Ұлттар Ұйымында, жаһандық және өңірлік деңгейдегі тыныштық пен қауіпсіздікті қолдауға бағытталған бейбітсүйгіш саясатын ұстанамыз. Бұл – Қазақстанның сыртқы саясаттағы басты бағдары. Қазақстан әлемдік ауқымдағы іс-шаралар мен кездесулерге ұйытқы бола отырып, халықаралық аренадағы белсенді ойыншыға айналды. Бұл өзара қарым-қатынасты нығайтатыны анық.

Қазақстан қашан да барлық елмен достық қарым-қатынас орнатуға бейілді. Дипломаттар да мемлекеттер арасындағы байланысты бекемдеуге барын салмақ.

Йеспер Вар, Дания Корольдігінің елшісі

Екі ел арасы алшақ болғанымен мақсат-мүдделері ұқсас. Қазақстанда фармацевтика, су ресурстары салаларында көптеген даниялық компания, жұмыс істеп жатыр. Алыс-беріс көлемі де жақсы деңгейде. Біз сауда-саттық пен саяси қарым-қатынасты тереңдетуге мүдделіміз.

Аленка Сухадолник, Словения республикасының елшісі:

Президент Тоқаевқа сенім грамотасын ұсыну мен үшін үлкен мәртебе. Қазақстан мен Словения арасындағы берік қатынасты орнату үшін бар күш-жігерімді саламын.

Еларалық ынтымақтың ырысты болуы елшілерге байланысты. Жиын соңында Президент оларға табыс тілеп, екіжақты серіктестіктің одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді.

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу