Емшінің алдына дауа іздеп барғандар миллиондаған ақшасынан айрылды. Ақтөбелік емші жүзге жуық адамды алдап, несие рәсімдеткен. Ал қаржыны өзінің шотына аударып алып отырған. Тұрғындар гипноздың құрбаны болғандарын айтады. Олардың әрқайсысы 1 млн теңгеден бастап 30 млн теңгеге дейін аударған.
Тұрғындар өздерінің алданғанын бірер ай бұрын ғана білген. Өйткені, емші күзден бері ай сайынғы несие берешегін төлемей қойған. Жанына дауа іздеп барып, қарызға белшесінен батқандардың бірі Райхан Зарлықова. Осы уақытқа дейін 18 млн теңгесін аударып берген. Ол емшінің құрығына қалай түскенімді өзім де білмеймін, дейді.
Райхан Зарлықова, қала тұрғыны:
2017 жылдан бастап мен ол кісінің құлдығында болғандаймын. Тұр десе, тұр деп, отыр десе, отырып бүкіл жұмысын істеп жүрдім. Сол кезден бастап, 18 млн теңге үстіме рәсімдеп жіберген.
Алданған тұрғындар бүгін облыстық прокуратураға келіп арызданды. Олардың кейбірі емшінің қалтасына кеткен қаржы үшін ай сайын банкке 100-200 мың теңгеден төлеп отырғандарын айтады. Алаяқтық жасады деген күдікке ілінген әйел өзінің ауылдастарынан бастап, туыстарына дейін аямаған. Ем іздеп барғандардың көбі бір уақытта бірнеше банкке берешек боп қалғандарын кеш білген.
Бердімұрат Әлиев, қала тұрғыны:
Менен 5,5 млн мың алды. Міне, әлі төлеген жоқ. Қаншама халық зардап шегіп отыр. Біз сендік оған. Мен оны әруақ деп емес, ауылда көрші болдық.
Әсел Тоқсанбаева, қала тұрғыны:
Айтатын сылтауы бөлек, біріне қызым ауырып жатыр деп, біреуіне мешіт салдырып жатырмын дейді, біреуіне тағы басқа, сылтауы көп. Бизнесімді ұлғайтамын, дейді. Қара халықты алдап, несие алғызып, төлемей отыр осы уақытқа дейін.
Бұл емшіні ақтөбеліктер жақсы таниды. Үйінің ауласындағы ғимаратта қабылдау жүргізеді. Ол бүгін алданған тұрғындарды кабинетіне кіргізбей қойды. Дегенмен, түсірілім кезінде мұнда полицейлер келіп, оны тергеу жүргізу үшін бөлімшеге алып кетті.
Әсет Қалиев, қалалық полиция басқармасының бастығы:
Ақтөбе қаласының тумасына қатысты бұл жерге келдік. Барлық мән-жайды анықтадық. ҚР Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігімен, яғни ірі көлемде бірнеше рет жасалған алаяқтық дерегі бойынша іс қозғалды.
Жақсыбек Кемал, тілші:
Қазірдің өзінде шығын көлемі 500 млн теңге шамасында. Алайда ол тағы өсуі мүмкін. Өйткені арыз жазамын дегендер әлі де бар.
Жақсыбек Кемал