Адал еңбек – арлы адамның ісі. Бұл көптің ыстық ықыласына бөленген алматылық автобус жүргізушінің ұстанымы. Бірер күн бұрын Қанат Ахметов автобусты аялдамадағы арбаға таңылған жолаушының дәл алдына тоқтатып, ішке кіруге көмектескен. Оның жұмысты бар ынтасымен атқарғаны көптің көңілінен шыққан еді. Жүргізушімен әріптесім Қуан Нұрақын тілдесіп қайтты.
Евгений Мухамеджанов сол сәтті көзбен көріп, суретке түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеген. Жүргізушінің кәсібилігі өз алдына, жолаушыларға деген жылы шырайы, қарым-қатынасы ерекше әсер қалдырған.
Евгений Мухамеджанов, қала тұрғыны:
Арбаға таңылған жанды әдеттегідей ішке кіргізіп, салса да болар еді. Бірақ жүргізуші алдымен амандасып, оны бұрыннан танитын адам сияқты жылы шырай танытты. Бұл әрекетіне риза болдық. Осындай жандарды көпке үлгі етуіміз керек.
Қанат Ахметовтің жүргізуші ретінде жұмыс өтілі 35 жылдан асады. Сол күнгі әрекетін тікелей міндетім деген ол «жұмысыма деген жауапкершілік бәрінен жоғары тұрады», - дейді.
Жолаушылардың бабын таба білген жан отбасында 4 бала тәрбиелеп отыр. Төрт жыл бұрын Түркістан облысынан Алматыға қоныс аударған.
Қанат Ахметов, жүргізуші:
Адамгершілік әр адамға тән болу керек. Өзім солай түсінемін. Өзіміздің тәрбиеміз сондай. Ауылдық жерде өскенбіз. Осындай қарапайым жұмысшыларға назар аударған Президентке алғысым шексіз.
Жұмысына адал азамат Президенттің «Шапағат» медалімен марапатталды. Бұл – үлкен жауапкершілік. Сол үдеден шығу – басты міндетім, дейді еңбекқор жан.
Қуан Нұрақын