Мемлекет былтыр бала туу мен оның күтіміне 895 млрд ₸ жұмсаған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет былтыр бала туу мен оның күтіміне 895 млрд ₸ жұмсаған

22.01.2025

Былтыр Қазақстанда бала туу мен оның күтіміне республикалық бюджеттен 895 миллиард теңге көлемінде жәрдемақы төленген.

Бұл – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау минстрлігінің мәліметі. Бала туғанда берілетін жәрдемақыны өткен жылы 378 мыңнан астам адам алған. Ол 64 миллиард теңге болды. Сонымен қатар баланың 1,5 жасқа толғанға дейінгі күтіміне арналған жәрдемақы 41,6 миллиард теңге көлемінде 126 мыңнан астам адамға берілген.

Ал жүктілік, босану және бала асырауға байланысты уақытша кірісінен айырылғандарға берілген төлем 385,6 миллиард теңге. Оны 245,7 мың адам алды. Сондай-ақ бала күтімімен үйде отырған 276 мың адамға былтыр 404,1 миллиард теңге сомасында жәрдемақы берілген.

Одан бөлек, көпбалалы отбасылар мен наградталған аналарға берілетін мемлекеттік жәрдемақымен 2024 жылы орта есеппен 818,1 мың отбасыға жалпы сомасы 546,3 миллиард теңге мөлшерінде төленді.

Темірлан Нұрсолтан

Хабарламаларға жазылу