Мемлекеттік кеңесші Парламент Мәжілісі фракцияларының жетекшілерімен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекеттік кеңесші Парламент Мәжілісі фракцияларының жетекшілерімен кездесті

21.01.2025

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Парламент Мәжілісіндегі алты саяси партияның фракция жетекшілерімен кездесу өткізді. Жиында Ерлан Қарин Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтай аясындағы бастамаларын жүзеге асыруға белсенді қолдау көрсеткені үшін алғыс айтты. Атыраудағы Құрылтайда айтылған Президенттің ұсыныстарын жүзеге асыру үшін 9 заң қабылданды. Олардың қатарында әйелдердің құқықтарын, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, вейптер мен шегуге келмейтін темекі өнімдеріне тыйым салу жөніндегі заңдар, сондай-ақ, ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі мәселелеріне, вандализмге және табиғи нысандарды қорғауға, есірткі өнімдерімен айналысатын адамдарға қатысты түзетулер мен толықтырулар бар. Ерлан Қарин аталған заңдар ішкі саясатқа байланысты жұмыстың тиімділігін арттыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Сондай-ақ жиынға қатысушылар Мемлекет басшысының «Ana tili» газетінде жарық көрген сұхбатында айқындаған ішкі саясат саласындағы биылғы жұмыстың бағыт-бағдары туралы пікір алмасты.


Хабарламаларға жазылу