АҚШ президенті Дональд Трамп қызметіне кіріскен бойда бірнеше қаулыға қол қойды. Солардың қатарында Құрама Штаттарды кейбір халықаралық ұйымдар мен келісімдерден шығару туралы шешімдер бар. Американың 47-ші лидері инаугурациясында еліне өзге де өзгерістер әкелуге уәде берді. Тақырыпты Арыстан Рысбек жалғастырады.
Дональд Трамп АҚШ-тың 47-ші президенті ретінде қызметіне ресми түрде кірісті. Инаугурация Вашингтондағы Капитолийдің ротондасында 1985 жылдан бері алғаш рет өтті. Себебі күн салқын еді. Ал антты оның вице-президенті Джей ди Вэнс бірінші болып берді. Содан кейін кезек Трамптың өзіне жетті.
Дональд Трамп, АҚШ президенті:
Өткен сегіз жылда мен 250 жылдық тарихымызда ешқандай президент көрмеген сынақтарды бастан өткердім. Құдай мені Американы ұлы етсін деп сақтады.
Инаугурацияға Трамптың үш ұлы, қызы, күйеу баласы, ірі технологиялық компаниялардың басшылары қатысты. Сонымен қатар салтанатты шараға Американың бұрынғы президенттері кіші Буш, Обама, Клинтондар да барды. Ал шетелдік меймандардан Аргентина президенті Хавьер Милей мен Италия премьері Джорджа Мелони болды. Анттан кейін Трамп инауграциялық сөзін сөйлеп, Американы бірінші етуге тағы да уәде берді.
Дональд Трамп, АҚШ президенті:
Американың алтын ғасыры қазір басталып жатыр. Біздің еліміз өзге әлем қызығатындай гүлдене береді. Әкімшілігімнің әр күнінде Американы бірінші орынға қоямын.
Инаугурациядан кейін Трамп Ақ үйге президент ретінде оралып, бірталай қаулыға қол қойды. Солардың қатарында Американы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Париж климаттық келісімінен шығару, шет мемлекеттерге көмек беруді 90 күнге тоқтату, имигранттардың балаларына туған бойда азаматтық беруді доғару, Құрама Штаттарда tiktok-қа салынған тыйымның күшін 75 күнге тоқтату жайлы құжаттар бар. Және де Трамп заңсыз иммиграцияны шектеу үшін Мексикамен арадағы шекарада төтенше жағдай жариялап, ол жаққа әскер жіберуді жоспарлап отыр.
Дональд Трамп, АҚШ президенті:
Біздің үкімет шетелдік шекараларды қорғауға қыруар қаражат шығындай отырып, Америка шекарасын, ең маңыздысы, халқын қорғаудан бас тартып келді.
Сонымен қатар Трамп қызметіне кіріскеннен кейін 2021 жылы Капитолий маңындағы тәртіпсіздіктерге қатысқан 1500 адамға рақымшылық жариялап, «Ер мен әйел деген екі жынысты ғана мойындау туралы» қаулыға қол қойды.
Сыртқы саясатқа келсек, Трамп Украинадағы соғысты бір күнде тоқтатамын деп еді. Енді жарты жыл қажет дейді. Сонымен қатар, ол Венесуэлаға қайта санкция жариялап, Кубаны терроризмді қолдаушы елдер қатарына қайта қосуы ғажап емес.
Арыстан Рысбек