Ақтөбеде хоккей мен мұз биі үйірмесі тоқтап қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде хоккей мен мұз биі үйірмесі тоқтап қалды

21.01.2025

Ақтөбеде 350-ге жуық бала хоккей, шорт-трек және мәнерлеп сырғанау үйірмелерінен шет қалды. Өйткені мемлекеттік тапсырыс негізінде жұмыс істейтін мұз сарайы бірнеше айға жабылып қалды.

Ата-аналардың айтуынша, бұл жағдай жылда қайталанады. Салдарынан балалар жақсы нәтиже көрсете алмай, уақыттары босқа кетіп жатыр. Демеуші қаржысына салынған бұл ғимарат негізінен хоккей спортына арналған. Осы жерде жоғары жетістікке жеткен балалар академияға қабылданады. Алайда әзірге жүздеген жас спортшы үшін ол арманға айналған. Себебі ел чемпионатында ойнайтын «Ақтөбе» хоккей клубының өзі жабылу алдында тұр.

Азамат Бейсауытов, қала тұрғыны:

Біздің қалада хоккейдің қайта жанданғанына небәрі 7 жыл. Жеті жылда бізде қалада екі аренамыз бар. Бірақ біреуі өкінішке орай сынып қалды. Екінші жағдай – біздің үлкен клубтың жабылуы. Біз Ақтөбе қаласының хоккей сүйетін қауымы – барлығымыз қарсымыз. Хоккей біздің қаламызда тірі қалуы керек.

Мекеме басшылығының айтуынша, мұз қатыруға арналған қондырғылар істен шыққан. Енді қашан жөнделетіні белгісіз. Ол былтыр қыста да бұзылып, балалар жаттығуын тек көктемде жалғастыруға мәжбүр болған еді. Қазір үйірмеге келетін оқушылар тек дене жаттығуларын ғана жасап жүр. Жағдайды реттеу үшін жауаптылар ғимарат жанындағы алаңқайға мұз айдынын құямыз деп уәде берді.

Ақмарал Қарымсаққызы, спорт мектебі директорының орынбасары:

Қондырғы қосылмай тұр. Яғни оның басқа да жүйесінің іске қосылмауына байланысты. Оған дейін біз есігіміздің алдына мұз құю жұмыстарын бастап кеттік қазіргі таңда. Бүгін кешке құямыз деген үміттеміз.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу