«Астана – Қарағанды» тас жолы жабылды. Көрші облысқа бет алған көліктер кері қайтарылып жатыр. Ал жүк көліктері жолдың шетіне қаз-қатар тізіліп, күн райының қалыпқа келуін күтуге мәжбүр.
- Ешқайда шықпаймыз. Мына жерден бұрыламыз. Қонаққа келе жатырмыз деймін.- Кейін барасыздар қонаққа, кері айналыңыз.
«Астана – Қарағанды» тасжолында қазір жағдай осындай. Қаладан шығып көрші облысқа бет алған көліктердің барлығы кері қайтарылып жатыр.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
«Астана – Қарағанды» тасжолындағы қозғалыс шектелді. Міне көріп тұрғандарыңыздай, Күйгенжар бекетінде қазір көліктер қаз-қатар тізіліп полицейлердің нұсқауын күтіп тұр. Полицейлердің айтуынша, Қарағандыға жол жабық. Көліктер тек жақын маңдағы елдімекендерге жіберіліп жатыр.
Еркебұлан Қайырбеков, Астана қаласы ІІД мамандандырылған батальонының аға қызметкері:
Бәріне түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, жүк көліктерін мына жерде үлкен тұрақ бар соған кіргіздік. Жанында тамақ ішетін жерлер бар. Тасжол кеше кештен бастап жабық. Қашанға дейін жабық болатыны белгісіз.
Бет қаратпай соққан желдің екпіні секундына 20 метрден асып кетеді. Ақтүтек боранның кесірінен жолда 50 метрден әрі қарай түк көрінбейді.
Сауалнама:
Көрінбейді ештеңе. Боран болып тұр.
Мен сағатына 30-40 шақырым жылдамдықпен жүріп келе жатырмын. Одан артық жүре алмаймыз.
Жолға шықпай-ақ қойыңдар, мүмкіндік болса. Қате болады.
Тасжол ертеңге дейін ашылмайды. Қала арасында жүк тасымалдайтын ауыр көліктер де арнайы тұрақтарға жіберіліп жатыр. Сыймағаны жолдың жиегіне қаз-қатар тізіліп, күн райының қалыпқа келгенін күтеді. Айта кету керек, бүгін «Астана – Қорғалжын» тас жолы да жабылды.
Нұрсұлтан Тілектес
