Израиль мен «ХАМАС» арасында атыс тоқтап, тұтқындар босатылды
Израиль мен «ХАМАС» арасында атысты тоқтату режимі күшіне енді. Тараптар тұтқын алмасты. Соғыстың аяқталуы Израильде де, Газа секторында да үлкен мерекеге ұласты. 1 жылдан астам уақыт бұрын үйін тастап кеткен газалықтар қайта оралып жатыр. Тұрғындар ымыра жасалғанына қуанғанымен, қирап қалған үйлерін көргенде көңілі босады. Тақырыпты Арай Төлегенқызы жалғастырады.
Газа секторында атыс тоқтағанына екі күн болды. Израиль 90 палестиналық тұтқынды босатты. Олардың 69-ы – әйел, 21-і – жасөспірім ұл. Ал мұның алдында «ХАМАС» 471 күн бойы кепілде болған үш израильдік әйелді кепілден босатты.
Роза Хвайс, палестиналық тұтқын:
Бостандықты аңсадым. Түрмеде отырғанда аспанды кішкентай тесіктен көретінбіз. Еркіндікке шыққан кезде Кармель тауларын және көк аспанды көріп қуандым.
15 айға созылған соғыс аяқталғаннан кейін Газада тіршілік жанданды. Хан Юнис қаласында көше базары қайта ашылды. Палестиналықтар үйіне орала бастады. Алайда көбі қираған баспанасын көріп, көңілі босады. Солардың бірі – 39 жастағы Амаль Әбу Эйта.
Амаль Әбу Эйта, Газа тұрғыны:
Мына есікті жауып, осы жерде тұрамыз. Басқа қайда барамыз? Үйіміз қирады, он баламен лагерде тұру оңай емес. Басқалардың жағдайы да осыған ұқсас.
Газа секторына гуманитарлық көмектің де алғашқы легі жетті. Шұғыл көмекке зәру палестиналықтарға отын, азық-түлік, дәрі-дәрмек, шатыр мен жылы көрпе жеткізілді. Күн сайын мұнда гуманитарлық көмек тиеген 600 жүк көлігі кіргізіледі.
Ахмад Әбу Әл-Хайр, Газа тұрғыны:
Бұл Газа үшін тым аз. Күніне 2 мың жүк көлігі кірсе де жетпейді. Халықаралық қауымдастық осындай қиын шақта бізге қолдау көрсетеді деп үміттенемін.
Газа секторында бітім өткен аптада Қатар, АҚШ пен Мысырдың арағайындығымен Дохадағы келіссөздерден кейін жасалды. Израиль мен «ХАМАС» арасында қаңтардың 19-да күшіне енген келісім үш кезеңнен тұрады. Ең алдымен Израиль 1 900 палестиналық тұтқынды, ал «ХАМАС» 33 израильдік азаматты кепілден босатуы тиіс.
Гидеон Саар, Израиль сыртқы істер министрі:
Ең алдымен кепілдегі барлық азаматты босатуға міндеттенеміз. Сол себепті де үкімет келісімді құптады. Бір кезеңнен екінші кезеңге өту автоматты түрде жүзеге аспайтыны анық. Соғыстың мақсатын орындау қажет.
Әбу Убайда, «ХАМАС-тың» әскери қанатының өкілі:
Палестинаның барлық қарсыласу фракцияларындағы бауырларымызбен бірге атысты тоқтату туралы келісімді берік ұстануға, барлық шартты орындауға дайын екенімізді мәлімдейміз.
Бірінші кезең ойдағыдай жүзеге асса, бітім екінші кезеңге өтеді. Мұнда тұрақты бейбіт келісім жасау, кепілде қалған азаматтарды босату қарастырылған. Ал соңғы фаза Газа секторын қайта қалпына келтіруге арналады.
Арай Төлегенқызы
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
