Басты Жаңалықтар 2024 жылы сатылған көліктердің 90 пайызы – электромобильдер

2024 жылы сатылған көліктердің 90 пайызы – электромобильдер

Норвегия электромобиль қолданудан әлемдік лидерге айналды. Былтыр мұнда сатылған көліктердің 90 пайызы - осындай экологиялық таза машиналар. Солтүстікеуропалық корольдік мұндай нәтижеге қалай қол жеткізді? Тақырыпты Арыстан Рысбек жалғастырады.

Бұл автосалон Норвегия астанасы Ослода 75 жылдан бері жұмыс істеп тұр. Өмір бойы «Volkswagen-ді» импорттап келген. Бірақ 2024-тің басында «Харальд А. Мёллер» компаниясы бензинмен жүретін көлікпен қош айтысты. Себебі қазір бүкіл ел жаппай электромобильге көшіп жатыр.

Улф Торе Хекнебю, Харальд А. Мёллер компаниясының басшысы:

Өте аз клиентіміз қалды. Себебі жанармаймен жүретін машинаны сатып алушылар қатары бұрынғыдай емес. Дәстүрлі көлікті туристерге жалға беретін компаниялар ғана қажет етеді. Өйткені электромобильді саяхатшылардың көбі түсінбеуі мүмкін.

Норвегия Жол федерациясының дерегінше, корольдікте 2024 жылы сатылған 10 көліктің тоғызы - электромобиль. Мұнай өндіруші ел мұндай нәтижеге қалай қол жеткізді? Себебі үкімет бензинмен немесе дизельмен қозғалатын көліктердің иелерін салықпен жазалады. Есесіне, электромобильдер қосымша құн және импорттық салықтан босатылып отыр.

Кристина Бу, Норвегия электромобильдер қауымдастығының басшысы:

Норвегия әлемде бензинмен, дизельмен жүретін машиналарды жаңа көлік нарығынан аластататын бірінші елге айналады. Бұл мақсатқа тез жетіп жатырмыз. Қазірдің өзінде жолдарымызда жүйіткіп жүргендердің 25 пайыз - электромобильдер.

Нарықта электромобильдер үлесінің көбеюі басқа секторларды осы өзгеріске бейімделуге мәжбүрлеп отыр. Мысалы бұрын жанармай құйған станциялар енді машинаның батареясын зарядтайтын бизнеске дереу көшіп жатыр.

Десире Андресен, жергілікті тұрғын:

Мен электромобильге экология үшін көштім. Бұл – қоршаған орта үшін ең жақсы машина. Ал дизельдік отынның иісін ұнатпаймын.

Норвегия экологиялық таза көлікке көшу идеясының сәтті жүзеге асуына жергілікті халықтың табиғатқа жанашырлығынан гөрі ұлттық қорға мұнай мен газдан жиналып қалған 1,7 триллион доллар көп септігін тигізді. Сол қаражаттың арқасында Норвегия ірі инфрақұрылымдық жобаларды оңай қаржыландырып, жанармаймен жүретін автомобильдерден түсетін салықтан айрылғанын аса сезінбей отыр.

Арыстан Рысбек

Бөлісу