Қызылорданың көпбейінді ауруханасында алғаш рет бауыр трансплантациясы жасалды. Өте күрделі отаны жергілікті мамандар Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығының дәрігерлерімен бірлесіп жүргізді.
«Бауыр циррозы» ауруына шалдыққан 40 жастағы әйелге күйеуінің інісі донор болды. Дәрігерлер жеңгесінің өмірі үшін тәуекелге барған жігіттің 60-65 пайыз бауырын трансплантациялап, науқасқа салды. Ота10 сағатқа созылып, барлығы сәтімен өтті. Қазір екеуінің де жағдайы бір қалыпты. Мәселен, шет елде мұндай отаның құны 200-300 мың АҚШ долларын құрайды. Ал Қазақстанда мемлекет есебінен тегін жасалады.
Болатбек Баймаханов, Н.Сызғанов атындағы ҰХҒО бас дәрігері:
Үш сағат отадан кейін аппараттан ажыратып, есін жиып, қазір бөлімшеде жатыр. Ең қиын ота - донор. Ең қиын отаны жасаған осы жергілікті дәрігерлер. Бауырдың 60-65 пайызын алғаннан кейін сол қалған бауыры алып кетуі керек. Оған өзінің есептері бар.
Бүгінде облыста 126 науқас бүйрек, 76 адам бауыр ауыстыру кезегін күтіп тұр. Бірақ көп жағдайда донор табыла бермейді. Дегенмен былтыр жергілікті дәрігерлер 6 науқасқа бүйрек трансплантациясын жасаған. Өңірде осындай күрделі хирургиялық операцияларды жасау үшін көпбейінді ауруханаға 2,5 миллиард теңгенің медициналық құрал-жабдықтары алынды.
Олжас Ысқақов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
Енді біздің көпбейінді аурухананы толыққанды трансплантация жасайтын орталықтардың бірі деп тануға болады. Тиісті құрал-жабдықтары бар. Мамандары даярланған. Науқастарымызға үлкен қалаларымызды жағаламай осы орталықта тиісті медициналық көмек алуға толыққанды мүмкіндік жасалды.
Әділбек Серікұлы