Биыл елде 122 әлеуметтік нысан салынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл елде 122 әлеуметтік нысан салынады

16.01.2025

Мемлекет басшысы «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында 2025-2027 жылдарға арналған бюджетте қаражаттың басым бөлігі әлеуметтік салаға жұмсалатынын айтқан болатын. 200-ден астам жайлы мектеп, медициналық мекемелер мен спорт және мәдениет нысандары бой көтереді. Бұл үрдіс Жетісу облысында да өз жалғасын тауып, биыл 122 әлеуметтік нысан салу жоспарлануда. Оның 105-і осы жылы пайдалануға берілмек.

Бұл Ақсу ауданына қарасты Көшкентал ауылында жаңа жыл қарсаңында пайдалануға берілген мектеп. 180 орындық заманауи білім ордасында 75 бүлдіршінге арналған шағын орталық та бар. Жаңа ғимаратта сабақ берген мұғалімге де, білім алған оқушыға да барлық жағдай қарастырылған.

Еркежан Нәби, оқушы:

Жаңа мектепке келгендіктен, осы жердегі бәрі  жаңа болғандықтан және де әртүрлі үйірмелер ашыла бастағандықтан, біздің оқуға деген қызығушылығымыз арта түсті.

Гүлшаш Айқын, мұғалім:

Алдағы уақытта біздің міндетіміз - осы білім ордасының керегесін кең қылып, еңсесін түсірмей, болашақта елінің игілігі үшін еңбек ететін азаматтар мен азаматшаларды тәрбиелеп шығу деп ойлаймын.

Биыл өңірде 100 денсаулық сақтау нысаны, 10 мәдениет үйі, 8 білім беру мекемесі мен 3 спорт кешені және бір оңалту орталығы салынады. Кейбір мәдени ошақтарға спорт залын біріктіріп салу жоспарланып отыр. Құрылыстың басым бөлігі ауылды жерлерде.

Айдын Алтаев, Жетісу облыстық Құрылыс басқармасы бөлім басшысының міндетін атқарушы:

Білім саласына келетін болсақ, сегіз құрылыс нысандары бар. Үш нысан  ауыспалы. 2025 жылға 5 нысан жаңа құрылыс нысандары. Бөлінген қаражат 16,8 млрд теңге. Спорт саласына келетін болсақ, 3 нысан бар. Екі нысан ауыспалы. Бір жаңа құрылыс нысаны жоспарлануда. Бөлінген қаражат 4,5 млрд теңге.

Жетісу облысы құрылғаннан бері әлеуметтік нысандардың дені қайта жаңғыртылды. Былтырдың өзінде түрлі бағытта 171 ғимарат халықтың игілігіне берілген.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу