«Халықтың сүйіктісі»: Жеңімпаздар марапатталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Халықтың сүйіктісі»: Жеңімпаздар марапатталды

16.01.2025

«Халықтың сүйіктісі» ұлттық жүлдесінің жеңімпаздары белгілі болды. Оларды халық дауыс беру арқылы былтыр жыл аяғында таңдаған болатын. Көпшіліктің ықыласына бөленгендер кімдер? Дәл қазір марапаттау рәсімі өтіп жатқан жерден әріптесім Асылбек Данияр тікелей эфирге қосылды.

Асылбек Данияр, тілші:

Кеш жарық, Ләйла! Қоғамда мәдениетті дамытуда эталонға айналған іс-шара он үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Биылғы номинанттар саны - 100 адам. Соның ішінде үздіктер 10 номинация бойынша анықталды. Олардың арасында дәрігер, ұстаз, спортшы мен қоғам белсендісі, мәдениет қайраткері секілді қоғамға еңбегі сіңген жандар бар. Бас-аяғы 300 мың адам өз «сүйіктілеріне» Lubimec.kz сайты арқылы дауыс берген. Мәселен, еліміздің ғана емес әлемнің де мақтанышына айналған Димаш Құдайберген төртінші рет лауреаты атанды. Сыйлық алуға әншінің өзі емес әкесі Қанат Айтбаев келді.

Қанат Айтбаев, ҚР Мәдениет қайраткері, әнші-композитор:

Ұйымдастырушыларға, дауыс берген азаматтарға алғысым шексіз. Әрине, марапаттың көңілге әсері ететіні сөзсіз. Ұлымның сахнаға шығып, ел мен жұрттың әрі қарай сүйіктісі бола берсе деген ниеттеміз.

Сондай-ақ биыл жаңадан қосылған «Жыл ғалымы» номинациясы ғалым Мақсат Жабағин марапатталды. «Жыл парламентариі» аталымымен – депутат Асхат Аймағамбетов, «Жылдың үздік спортшысы» - дзюдодан Олимпиада чемпионы Елдос Сметов, ал «Жылдың үздік параспортшысы» парадзюдодан Паралимпиада чемпионы Ақмарал Науатбек атанды. Сондай-ақ Қазақстан телерадио корпорациясының «Balapan» телеарнасына арнайы «Табыс пен даму» номинациясы берілді.

Мақпал Үкенова, «Balapan» телеарнасының директоры:

Бұл - арнаның үлкен еңбегін еледі деген ойдамыз. Біздің арна ата-ана үшін бала тәрбиесіндегі көмекші құрал.  «Balapan» телеарнасы осы жылға дейін 160 анимациялық өнім өндірді. 

Ұлттық сыйлықтың иегерлеріне диплом мен «like» іспеттес эксклюзивті қола мүсінше беріледі.

Асылбек Данияр

Хабарламаларға жазылу