«Алматы-Өскемен» тасжолында 32 көлік соғылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Алматы-Өскемен» тасжолында 32 көлік соғылды

15.01.2025

Бүгін «Алматы-Өскемен» тас жолында бір мезетте 32 көлік соғылды. Жаппай көлік апатына «ҚазАвтоЖол» қалың тұман себеп деп отыр. Қолайсыз ауа райы кезінде қандай жол қауіпсіздігі ережелері сақталуы тиіс? Көлігі зардап шеккен жүргізушілердің шығынын кім өтейді? 

Бүгін таңертең Алматы-Өскемен тасжолында бас-аяғы бір сағаттың ішінде 32 көлік соғылды. Жол апатына қалың тұман себеп болған.

Айдана Қуантхан, тілші:

Жаппай жол көлік оқиғасы осы жерде сол көліктен басталған. Сағатына 40 шақырым жылдамдықпен келе жатқан темір тұлпардың артынан 80 шақырым жылдамдықпен «Ларгус» автокөлігі соққан. Жүргізушілер таңда жол көктайғақ әрі тұман болды деп отыр.

Ерболат Расулбек, жүргізуші:

Артымнан келе жатқан көлік жол тайғақ болғандықтан, тоқтай алмай, 30 метрге дейін жылжытып жіберді. Келіп жатқан көліктер тежегішті басады, ұстамайды, жол тайғақ, айналып жатты. Қарапайым жолдағы белгінің өзі кірден дұрыс көрінбейді.

Алмас Тоқтарбаев, эвакуатор жүргізушісі:

32 көлік соғылған, соның 29-ы жарамсыз. Тұз сеуіп, алдын ала әрекет істеуі керек еді. Немесе көліктерді жібермеу керек еді.

Заңгер Ермек Тілеукеев жауапты компания трассадағы қауіпсіздікті ұдайы қадағалауға міндетті дейді. Сондай-ақ жол бойына ауа райының қолайсыздығына байланысты арнайы ескертпелер болуы керек деп отыр.

Ермек Тілеукеев, заңгер:

Қай жерде тұман бар, қай жерде жол тайғақ, қай жерде жылдамдықты азайту керек. «ҚазАвтоЖолда» ол жоқ. Жол ақылы болғандықтан, жарықтың жануы, тұз бен сұйықтықты себу - қауіпсіздікке жатады. Жол жүру ережесінде мұз, боран болса, неғұрлым аз жылдамдықпен жүру керек. Одан кейін арақашықтықты тақап алып, жыпылықтатып жүретіндер бар. Жүргізушілер де жауапкершілік алуы керек.

Ал «ҚазАвтоЖол» компаниясы жол апатына жүргізушілердің жылдамдық асырып, арақашықты сақтамағаны себеп деген ақпарат таратты. Алайда басқа мәлімет беруден бас тартты. Осы ретте күн сайын «Алматы-Өскемен» күре жолында қатынайтын жүргізушілердің де айтары бар.

Жаппай жол көлік апатынан екі адам жеңіл жарақат алды. Дәрігерлер оларды амбулаториялық ем қабылдауға жіберген. Ал облыстық полицияның мәліметінше, қазір жол-көлік оқиғасының нақты себебі анықталып, тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Айдана Қуантхан


Хабарламаларға жазылу