Қызылордалық әйел көлік дөңгелегін жөндеп, кәсібін дамытып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар Қызылордалық әйел көлік дөңгелегін жөндеп, кәсібін дамытып келеді

Қызылордалық әйел көлік дөңгелегін жөндеп, кәсібін дамытып келеді

Қызылорда облысы Шиелі кентінің тұрғыны Нұржамал Омарова ердің ісін меңгерген нәзік жандардың бірі. Ол 15 жылдан бері аудан орталығында көлік дөңгелегін жөндеп, кәсібін дамытып келеді. Зейнет жасына жетсе де, адал еңбегімен отбасын асырап, өзгелерге үлгі көрсетіп жүрген шебер жайлы келесі бейнематериалда.

Нұржамал апайдың күнделікті тіршілігі - осы. Желімдеу орталығынан таңертеңнен күн батқанға дейін автокөлік арылмайды. Елдімекенде темір тұлпар тізгіндеген азаматтардың көбі дөңгелегінен ақау шықса, нәзік жанды шебердің көмегіне жүгінеді.

Қонақбай Аюпов, кент тұрғыны:

Қай уақытта болса да,  көлігімді жасап береді.  Бәрі ойдағыдай болады. 

Жөндеу орталығын 1993 жылы ауданда алғашқылардың бірі болып Нұржамал апайдың жолдасы ашқан. Бірақ кейін денсаулығы сыр беріп, әрі қарай отбасылық кәсіпті әйел болса да, өзі қолға алыпты. Содан бері автокөлік дөңгелегін желімдеудің қыр-сырын меңгерген, бүгінде өз ісінің нағыз шебері.

Нұржамал Омарова, шебер:

Бастапқы кезде біраз қиналдым. Сөйтіп-сөйтіп үйреніп кеттім. Қазір бәрі оңай,  істей беремін. Бастапқыда қолмен істейтінмін. Қолмен ашатынмын. Кейіннен аппарат сатып алдық.

Алпыстың белесін бағындырған Нұржамал Омарова, 14 немере сүйіп отырған ана. Ол осы еңбектің арқасында отбасын жеткізіп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Бейнеті көп болса да, кәсібінен қол үзгісі жоқ.

Нұржамал Омарова, шебер: 

Еңбектің  оңайы жоқ. Бірақ қазіргі жастарға қарасаң, мұндай жұмысты істегісі келмейді. 

Күніге 10 шақты көлік иесі шебердің мінсіз қызметіне жүгінеді. Адал еңбегімен көптің алғысына бөленген жанды ауылдастары ерекше құрметтеп, көпке үлгі етеді.

Әділбек Серікұлы

Бөлісу