Жамбыл облысында салынатын жел электр станциясының құрылысына жергілікті өнімдер пайдаланылады. Президенттің қабылдауында болған Masdar компаниясының бас атқарушы директоры Мұхаммед Әл-Рамахи осылай деді. Қасым-Жомарт Тоқаев Абу-Дабиге жұмыс сапары аясында бірқатар ірі компанияның басшыларымен кездесіп, келіссөздер жүргізді.
Қазақстанға қызығушылық танытып отырған компания басшыларының бірсыпырасымен Президент Абу-Дабиге жұмыс сапары барысында арнайы кездесті. Мәселен, Masdar еліміздегі қызмет аясын кеңейте отырып, жаңартылатын энергетика және цифрландыру салаларындағы маңызды жобаларды іске асырмақ. Ал Abu Dhabi National Oil Company қайта өңдеу және өткізу жөніндегі бас атқарушы директоры Халид Салминмен геологиялық барлау ісіндегі бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.
Оңғар Алпысбайұлы, тілші:
Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктерінің арасындағы сауда айналымы былтыр 260 млн долларға жуықтаған. 2005 жылдан бері бұл елдің кәсіпкерлері Қазақстанға 4,3 млрд доллар құйған. Қазірдің өзінде 500-ден астам компания тіркеліп, жұмыс істеп жатыр. Ал қазақстандық кәсіпкерлер араб еліне 1,4 млрд доллар алып келді. Барлық саладағы ынтымақтастықты ары қарай дамытуға ниетті.
Abu Dhabi Ports Қазақстанда ірі жоба бастайды
Abu Dhabi Ports компаниясы Қазақстанда бірқатар ірі жобаларды қолға алмақ. Бастамалар Каспий теңізіндегі айлақ және теңіз инфрақұрылымын дамыту жөніндегі стратегиялық мүддемізге сай келеді.
Нұрлан Жақыпов, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы:
Әлемдегі ең ірі тасымалдау логистикалық компаниялардың бірі. Одан басқа Қазақстан Темір жолы мен солтүстік оңтүстік дәліз және миддл дәліз жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Яғни жүк тасымалдау әлеуетін арттырып жатырмыз.
Президент жасанды интеллект саласындағы сарапшылармен кездесті
Одан соң Президент жасанды интелект саласындағы сарапшылармен кездесті. Бұл бағыт қазіргі замандағы прогрестің ең басты қозғаушы күштерінің бірі саналады, әрі экономиканы түбегейлі өзгерте алады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақстанда жасанды интеллектті ілгерілетуге берік негіз қалау үшін маңызды қадамдар жасалып жатыр. Институционалдық орта қалыптастыруға, инфрақұрылым мен адам капиталын дамытуға баса мән беріліп отыр. Институционалдық құрылым аясында Жасанды интеллект жөніндегі халықаралық консультативтік кеңес құрылады. Оған өзім жетекшілік жасаймын. Бұл кеңес әлемдік деңгейдегі сарапшылармен диалог жүргізіп, пікір алмасатын стратегиялық алаңға айналады.
Елімізде AlemAI озық технологиялар орталығы құрылып, жұмыс істеп тұр. Ол әлемдегі үздік тәжірибелерді игеріп, инновациялық шешімдердің енгізілуіне ықпал етеді. Орталықта зерттеушілерге, стартаптар мен компанияларға арналған кеңселер, тәжірибе алмасу алаңдары орналасқан.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біз ЖИ саласындағы адам капиталын дамыту мақсатында AI-Sana деп аталатын инновациялық білім беру бағдарламасын жасадық. Бағдарлама түрлі сала мамандарының пәнаралық даярлығын қамтамасыз етеді және ЖИ-ге қатысты озық шешімдерді әзірлеуге септігін тигізеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөз соңында Қазақстан жаһандық жасанды интеллект экожүйесінің белсенді мүшесі болуға ұмтылатынын жеткізді. Сонымен қатар кездесуге қатысушыларды ғылыми зерттеуден бастап этикалық стандарттарды бекітуге дейінгі сан салалы жұмысқа атсалысуға шақырды.
Оңғар Алпысбайұлы