Қызылорда облысында су тасқынының алдын алу жұмыстары қарқынды. Себебі Сырдариядағы судың көлемі биыл жылдағыдан мол. Мамандар өзен бойында су басу қаупі бар 28 аумақты айқындап, осал тұстарын қазірден бақылауға алып отыр.
Әділбек Серікұлы, тілші:
Қызылорда қаласына қарасты Талсуат елдімекені су басу қаупі жоғары аумақтың бірі. Көріп тұрғандарыңыздай Сырдария мен елдімекеннің арасын бөгет қана бөліп тұр. Күздігүні нығайту жұмыстары жүргізіп, қорғаныс бөгеті 4 метрге дейін көтерілген.
Өзен бойында орналасқан ауыл су деңгейінен 4-5 метр ойда тұр. Талсуатта екі жарым мыңға жуық халық тұрады. Осыдан екі жыл бұрын дарияның қорғаныс бөгетін су жығып, тұрғындар біршама әбігерге түскен еді. Биыл да Сырдарияда су мол. Дегенмен елдімекен айналасында сақтық шаралары қолға алынып, тасқын судың қаупі сейілді.
Айжігіт Ерниязов, ауыл тұрғыны:
Талсуаттың тұсындағы 2-3 қауіпті аумақ бар. Бір жердің өзінен 300 метр ұзындықта дария жағалауын көтерді. Уақытында жасалды. Қазір ең үлкен жоғары жағдайда тұр.
Жалпы, облыста күзден бері су басу қаупі жоғары 7 елдімекеннің тұсында бөгеттерді нығайту жұмыстары жүргізілген. Бүгінде аймақтың оңтүстігінде су деңгейі бір қалыпты болса, Қызылорда қаласынан Аралға дейін дарияны мұз жапты. Яғни күн жылыса сең жүріп, мұздақтар өзен деңгейін көтеріп жіберуі мүмкін. Сондықтан жауапты мамандар қазірден осал тұстарды бақылауға алып, бөгеттерді нығайтып жатыр.
Бейбітхан Спанов, облыстық ТЖД басқарма басшысы:
Арал ауданының Аманөткел елдімекенін білесіздер, қауіпті учаске болып саналады. Одан Жалағаш ауданында Ақсу, Шәменов елдімекендері. Соның барысында нығайту жұмыстары жүргізіліп аяқталды. Дегенмен қауіп жоқ деп айта алмаймыз. Алдын алу мақсатында жұмысшы топпен қарау жұмыстары жүргізіліп келе жатыр.
Ал су мамандары Сырдариядан келіп жатқан мол суды өңірдегі ірілі-ұсақты көлдерді толтыруға бағыттап, жайылымдық-шабындық жерлерге де су жайылды. Ал Кіші Арал теңізіне соңғы үш айда 765 миллион текше метр су құйылып, теңіз деңгейі де біршама көтерілді.
Әділбек Серікұлы