Алматыдағы әйгілі Барахолкаға келіп сауда жасайтындар азаймаған. Олар да онлайн-сауданың қыр-сырын меңгеріп алған. Бірақ саудагерлердің сөзінше тауарды қолмен ұстап, көзбен көргісі келіп алатындар көп. Алматылық әріптесім Айдана Қуантхан базардағы сатушылар мен алушылардың пікірін біліп қайтты.
Мөлдір Сәрсенбек базарда қыз-келіншектерге арналған киім сатады. Алты айдан бері саудасын электронды түрде жүргізіп жүр. Ол тұтынушы тартудың түрлі амалын жасайды.
Мөлдір Сәрсенбек, саудагер:
Стримде өте ыңғайлы ғой. Себебі қаралым көп. Адамдар көп қарайды. Кешкі сағат сегізден кейін адам саны өте көп болады.
Десе де, базардағы саудагерлердің барлығы бірдей Мөлдір сияқты онлайн сауданың қыр-сырын біле бермейді. Кейбірі тиімсіз екенін айтады.
Тапсырыс берген тауарымыздың сапасы күткеніміздей болмайды, дейді кей тұрғындар. Сондықтан сауда орындарына барып, сапасының дұрыстығына көз жеткізіп алғанды жөн санайды.
Ал уақытын үнемдейтіндер мен жұмысбастылар үшін электронды сауда алаңы ыңғайлы. Әрі көп жерде банк арқылы бөліп төлеу де қарастырылған.
Қазір базардағы сатушылардың басым көпшілігі әлеуметтік желіге жүгініп, сатудың түрлі тәсілін меңгеріп алған. Осы ретте тұтынушының да таңдауы әрқалай. Дегенмен алып шаһардағы ірі базарларда сауда тоқтап тұрған жоқ.
Айдана Қуантхан