Ақтөбеде кепілге алынған әйелдің жағдайы орташа
Ақтөбеде кепілдікке алынған әйелдің жағдайы орташа. Жансақтау бөлімінен шығарылды. Оған жан-жақты көмек көрсетіліп жатыр. Ал күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұл жантүршігерлік оқиға өткен түні болған еді. Кепілдікке алынғандарды құтқару операциясы бірнеше сағатқа созылды. Соңғы ақпараттарды Жақсыбек Кемал баяндап берсін.
Жақсыбек Кемал, тілші:
Жедел басқару орталығына қоңырау 20:00 шамасында түскен. Ал оқиға болған үй – осы. Полицейлер сыртқы есіктердің өзін мөрлеп тастаған. Дегенмен іштегі терезе сынықтарын анық көруге болады.
Оқиға орнына арнайы жасақ қызметкерлері мен тергеу тобы жедел жеткен. Полиция департаментінің басшылығы мен қала прокуроры да келіп, келіссөздер жүргізілді. Белгілі болғаны - 40 жастағы азамат әйелді кепілдікке алған. Бұл оқиғадан көрші-көлем түгел шошып қалған.
Маржан Тәжекенова, қала тұрғыны:
Біз түнде ұйықтамадық, көліктер он екіге дейін тұрды ғой. Түнімен болды, қорықтық шынында да. Есікті іліп алдық. Бір нәрсе сарт ете қалды, көлік шығар деп, атып шықтық. Әйтеуір аманшылық. Сол кезде адамды шығарып жатты ма, қарайтын мүмкіндік болмады.
Күдіктінің нақты талабы болмаған. Келіссөздер нәтижесіз болған соң, арнайы жасақ үйге басып кіріп, оны қолға түсірді. Оқиға болған жерді тексеру барысында сарайдағы жертөле ішінен жәбірленушінің 74 жастағы өгей әкесі мен 66 жастағы анасы табылды. Олар ауыр пышақ жарақатын алған. Әйел адам ауруханаға барар жолда қайтыс болды. Өкінішке қарай, дәрігерлер ер адамды да құтқара алмады. Ал 40 жастағы әйелдің беті бері қараған.
Азамат Тұрышев, облыстық көпсалалы аурухананың бас дәрігерінің орынбасары:
Басынан, бетінен жарақат алған, кесілген. Келгеннен бастап реанимацияға жатқызылды. Ем тағайындалды. Таңға жақын жағдайы орташа болды, шағымы жоқ.
Күдіктінің өзі кепілдікке алған әйелмен бұрын жақын қарым-қатынаста болғаны анықталды. Оның мұндай сұмдыққа не үшін барғаны әзірге белгісіз.
Абай Жүсіпов, облыстық Полиция департаментінің бастығы:
Бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полиция департаменті қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтады. Кінәлі адам заңның барлық қатаңдығымен жазаланатын болады.
Қазір жәбірленушіге медициналық және психологиялық көмек көрсетіліп жатыр. Ал облыс басшылығы марқұмдарды жерлеуге қажетті көмек көрсетілетінін хабарлады.
Жақсыбек Кемал
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
