Кеше Италияның Турин қаласында Дүниежүзілік қысқы Универсиада басталды.
Италияның Турин қаласындағы Иналпи спорт кешенінде 32-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиаданың салтанатты ашылу рәсімі болып өтті. 12 мың жанкүйер сыятын кешенде шеруді Ақ ойындарды үйлестірушілер мен техникалық құрама бастады. Одан кейін Италия әліпбиі бойынша Универсиадаға келген 57 елдің екі мыңнан астам өкілі сап түзеп шықты.
Олардың ішінде 10 спорт түрінде бақ сынайтын Қазақстанның да 103 атлеті бар. Бір айта кететін ерекшелік, қазақ елінің көк байрағын ұлттық киімде фристайлшы Аяулым Әміренова мен хоккейші Абылайхан Сүлейменов ұстап шықты. Басқа бір де бір елдің құрамасы ұлттық нақышта киінбеген.
Аяулым Әміренова, фристайлдан Қазақстан студенттер құрамасының мүшесі:
Негізі таңғаларлық шығу болды деп ойлаймын. Бәрінің көзі бізде болды. Себебі біздің ұлттық киіміміз өте әдемі және ерекше болып көрінді. Сондықтан мен қуаныштымын және өзіміз де әдемі болып шықтық деп ойлаймын.
Азамат Бейбітұлы