Ақмола облысында тасжолда 95 көлік соғылған ірі жол апатының дауы бүгін-ертең шешілмейтін секілді. Себебі кінәлі әлі анықталған жоқ. Ал кей сақтандыру компаниялары шығынды толық өтемейміз деп отыр. Көлігі сақтандырылған жүргізушіге компания өкілдері осылай деп жауап берген.
Бақтияр Тоқтасынұлы, жүргізуші:
Не істеп жүргендерін өздері де білмей жатыр. Кінәліні таппай отыр. Мен сақтандыру компаниясына бардым. Артымды ұрған адам істеп береді машинамды, алдыңғы ұрғанды сен жасап бересің дейді. Ал менікін кім жасап береді. Мемлекет халықта ақша көп, тасып бара жатыр деп ойлай ма не? Үлкен сұрақ белгісі болып тұр ғой, кім жауап береді? Полиция жауап алғысы келіп тұрған жоқ. «ҚазАвтоЖол» жауап алғысы келіп тұрған жоқ. Кім жасап береді соның бәрін.
Ал заңгерлер бұл мәселеде жүргізушінің ара қашықтықты сақтамауы шығынды толық өтеуге кедергі болуы мүмкін екенін айтады. Себебі, көліктің алдыңғы бөлігі рөлдегі адамның қателігінен бүлінгендіктен, сақтандыру компаниялары бұл жауапкершілікті өзіне алмайтын көрінеді.
Бердімұрат Хасенұлы, заңгер:
Міндетті сақтандыру шарты бойынша әрқашан жол-көлік оқиғасында автокөлік жүргізушісі кесірінен болған шығындарды сенің сақтандыру компанияң өзге тұлғаларға өтеп береді. Яғни, сен шығын келтірген адамдардың шығынын жауып береді. Алайда сенің автокөлігіңе келген шығынды міндетті сақтандыру шарты бойынша ешкім төлеп бермейді. Сен оны өзің төлеуің керек, өзің жабуың керек.
Еске салайық, 3 қаңтар күні болған ірі жол апатында 100-ге жуық көлік соқтығысып, 20 адам зардап шеккен еді. Зақымдалған көліктер арасында қайта қалпына келтіруге жарамайтындары да бар. Шығын қалай өтелетіні әзірге белгісіз. Ал Ақмола облыстық полиция департаментінің мамандары бұған дейін «жүргізушілер тексеріс нәтижесін күтуі керек. Егер көліктерін өздері жөндейтін болса өтемақы берілмейді», деген еді.
Серік Жұмабек