Харбин 2025: Ұйымдастырушылар бұрын-соңды болмаған шоу ұсынбақ
Ал Харбинде Азия ойындарының ашылу салтанатына дайындық қызу жүріп жатыр. Ұйымдастырушылар заманауи технологияны қолдана отырып, бұрын-соңды болмаған ғаламат шоу жасаймыз, дейді. Үш бөлімнен тұратын рәсімде жасанды интеллект кеңінен қолданылмақ. Әріптесім Асылбек Данияр тарқатып айтады.
Тоғызыншы қысқы Азия ойындарына дайындық қарашада басталған. Шараға мәдениет саласының қызметкерлерінен бөлек, студенттер мен қарапайым тұрғындар тартылмақ. Қазір олар жоғары оқу орындарының спорт залдарында дайындалып жатыр.
Ша Сяо Лань, салтанатты шараның бас режиссері:
Ашылу салтанаты шамамен 80 минутқа созылады, үш бөлімнен тұрады. Әр бөлім қойылыммен басталады. Шара екі тақырыпты қамтиды. Біріншісі - Харбин қаласы мен Азия елдеріне саяхат. Ал екіншісі – баланың армандары, оның орындалуы баяндалады. Біз интерактивті кескіндерді, соның ішінде кеңейтілген виртуалды шындық технологиясын қолданамыз.
Ауқымды шараның тағы бір ерекшелігі – жасанды интеллекті қолдану. Көрермендерге есте қаларлықтай эмоция сыйлау үшін табиғи қар мен мұз да пайдаланылды.
Харбиннің Тайпин халықаралық әуежайы қонақтар мен спортшыларды қарсы алуға дайын. Ол үшін «Қысқы Азия ойындарының арнайы кеден арнасын» құрды. Бұдан бөлек, Қытай билігі 17 желтоқсанынан бастап Харбинде визасыз транзиттік саясатты үш күннен 10 күнге дейін ұзартты. Туристер ел бойынша 60 провинцияға емін-еркін қатынай алады.
Лю И Цун, шетелде тұратын қытай азаматы:
Мен шетелде тұратын Қытай азаматымын. Ал балаларым қазіргі тұратын елдің азаматтығын алған. Бұл біз үшін керемет мүмкіндік болды. Балалар үшін Қытай визасына өтініш берудің қажеті жоқ. Енді Азия ойындары басталғанда қайта келеміз.
Қытайдың әйгілі «Мұз қаласындағы» сары құрлық бәсекесінің ашылу салтанаты 7 ақпан күні өтеді. Жарыстардың іріктеу сайыстары бесінде басталады. Бұл Азияда қатысушы ел санымен тарихта қалмақ. Қазірге дейін 34 мемлекет қатысуға өтінім берген. Соның ішінде Камбоджа мен Сауд Арабиясы қысқы Азия ойындарына алғаш рет қатысқалы отыр. Байрақты бәсекеде Қазақстан намысын 139 спортшы спорттың 11 түрінен қорғайды. Қазір жарыс билеттері сатылымда. Ең қымбаты 56 мың теңге болса, арзаны 8 400 теңге тұрады.
Асылбек Данияр
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
