Бүгін Республика бойынша қаңтар айында өтетін ақылы Ұлттық бірыңғай тестілеу басталды. 10 ақпанға дейін жалғасатын емтиханға қатысуға 167 мыңға жуық талапкер өтініш берген. Тестілеудің бірінші күні ел бойынша 2 277, ал Астана бойынша 155 адам тест тапсырды. Биыл ҰБТ-ның форматы өзгеріссіз қалды.
Қатысушылар әдеттегідей үш міндетті және екі таңдау пәні бойынша жалпы 120 сұраққа жауап береді. Ең жоғары нәтиже – 140 балл. Тест тапсыру уақыты 4 сағат. Ал ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушыларға қосымша 40 минут уақыт беріледі. Астанадағы тестілеу орталығының біріне Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек барып, болашақ студенттерге сәттілік тіледі. Сондай-ақ өзгерістер мен жаңалықтарға тоқталды.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
Былтырдан басталған ерекшелік – мына арнайы қажеттіліктері бар талапкерлерге 40 минут қосып қойдық. Оның үстіне көру қиыншылықтары бар талапкерлерге жанына бір көмекші адам ретінде біз рұқсат бере бастадық. Бұл өте инклюзия принциптеріне жатады. Мүмкіндіктері шектеулі студенттердің саны қазір 1 мыңнан асты. Енді әр жатақханада стандарт өзгеріп, сол мүмкіндігі шектеулі балаларға, студенттерге арналған бөлмелермен жабдықталды.
Айта кетейік, биыл шәкіртақы мөлшері артады. 1 қыркүйектен бастап бакалавриат студенттерінің шәкіртақысы 53 мың 372 теңгеге дейін өседі, ал педагогика және медицина бағытында білім алатын студенттер 84 мың теңге алады. Магистранттар 117 мың 98 теңге алса, докторантурада оқитын студенттерге 262 мың 500 теңге көлемінде шәкіртақы беріледі.
Темірлан Нұрсолтан