Бүгін Астанада Талдау мектебінің төртінші кезеңі басталды. Палата Төрағасы Мәулен Әшімбаев қалыптасқан дәстүрге сәйкес тыңдаушыларды жаңа кезеңнің ашылуымен құттықтап, дәріс оқыды. Аталған қоғамдық жоба аясында қатысушыларға белгілі қазақстандық және шетелдік сарапшылар, халықаралық, сондай-ақ, ғылыми-зерттеу ұйымдарының өкілдері де дәріс оқиды. Бұл қатарда Sinovation Venture жасанды интеллект институтының президенті, доктор Кай-Фу Ли де бар. Сенат Спикері Талдау мектебі-жаңа білім меңгеруге арналған орын ғана емес, сонымен қатар нетворкингке, сараптамалық байланыс орнатуға, идеялармен алмасуға, бірегей жобаларды бірлесіп әзірлеуге, өзекті мәселелерді шешу жолдарын табуға, түрлі талдамалық, әлеуметтік және өзге де жобаларды ұйымдастыруға арналған алаң екенін айтты. Төртінші кезеңге қатысуға 700-ге жуық өтінім келіп түскен. Байқау комиссиясы жобаға 60 адамды іріктеп алды.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламентінің Сенатының төрағасы:
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев аналитикалық қарым-қабілеті жоғары мамандардың жаңа толқынын даярлаудың маңызды екенін бірнеше рет атап өтті. Қазіргі таңда кез-келген шешім көптеген факторларды ескеруді талап ететіні белгілі. Сондықтан аналитика мемлекеттік органдар мен бизнес үшін стратегиялық тетікке айналып отыр. Мұндай жағдайда аналитикалық қабілеттер мен заманауи цифрлық мүмкіндіктердің үйлесім табуы ереше мәнге ие. Талдау мектебі – осы стратегиялық міндетті іске асыруға қосылған үлес. Биыл да қатысушыларды әдеттегідей өз салаларында мол тәжірибесі бар белгілі қазақстандық және шетелдік сарапшылар оқытады.
Серік Жұмабек
![](https://px.mediadata.kz/s.gif?mh_id=7916e9245b3c5232be2c21bfdafded87&mh_news=Бүгін Астанада Талдау мектебінің IV кезеңі басталды&mh_tags=Qazaqstan&mh_page=https://qazaqstan.tv/news/205169/)