Теңіз саласына электр механиктері керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Теңіз саласына электр механиктері керек

11.01.2025

Елімізде теңіз саласында жұмыс істейтін шетелдіктерді өз мамандарымыз алмастырып келеді. Статистика бойынша соңғы 5 жылда қазақстандық кемелердің тізгінін теңіз академияларының түлектері қолға алған. Дегенмен әлі де тапшы мамандар бар. Мәселен, қазірдің өзінде 100 ге жуық электромеханик қажет. Аягөз Оралбайқызы тарқатып айтады.

Азидолла Алдабергенов Ақтаудағы теңіз академиясының білікті ұстазы. Оның айтуынша, аймақта теңіз саласында мекемелер ашылып, кеме қатынасы дамып келеді. Сондықтан оқу орнын бітірген студенттердің 80-90 пайызы жұмысқа орналасады. Биылғы түлектертің тең жартысы қазірден жұмысқа шақырту алған.

Азидулла Алдабергенов, Теңіз академиясы деканының орынбасары:

Осы жылы тек қана 3 мамандық бойынша кеме механигі, кеме жүргізушісі және порт қызметкері мамандықтары бойынша 30 студент шығады. Ол 30 студентті дипломдық практикаға қазір жіберіп жатырмыз.  Жартысына мекемелерден сұраныс келіп түсті. 

Оқуды аяқтаса, жұмысы дайын тұрған студенттердің бірі - Нұржан Смағұл. Оны теңіз саласындағы ұлттық компания жұмысқа шақырған. Ақтаулық студент теңіз академиясында кеме механигі мамандығын оқып, мемлекетаралық келісімнің арқасында Әзербайжан елінде білімін жетілдіріп, тәжірибесін шыңдады.

Нұржан Смағұл, Теңіз академиясының 5-курс студенті:

Екі дипломдық бағдарлама арқылы мені Әзербайжан мемлекеттік теңіз академиясына түсірген болатын. Ол жерде мен 3 жыл оқып, 1 жыл 3 ай теңіз сынағынан өткен болатынмын. Енді қазіргі таңда біздің академияның дипломын күту үстіндемін. Менің мамандығым сұранысқа ие болғандықтан, маған көптеген компаниялардан ұсыныс келіп тұр.

ҚР порттары теңіз әкімшілігінің мәліметінше, елімізде 1 мың 200 ден астам теңізші мен 240 кеме тіркелген. Сол кемелерде бұған дейін тек шетелдіктер жасаған қызметтерді бүгінде қазақстандық мамандар атқаруда. Оған еліміздегі теңіз академияларының халықаралық деңгейдегі дипломдар беруі себеп. Енді шетелдік электромеханиктердің орнын алмастыру қалды. Алайда, маман тапшы.

Асылбек Теңізбаев, ҚР Порттары теңіз әкімшілігінің басшысы:

Қазіргі таңда кемелердің барлығы электрондық автоматты түрде болғандықтан электромеханик мамандығы өте керек мамандық. Қазір біздің туымыздың астында жалпы шетелдік азаматтар жұмыс жасап жатыр. Жоқ дегенде бір кемеге 2 электромеханик керек болатын болса, шамамен 100 ге жуық электромеханик бізге керек болып тұр.

Мәселені шешу үшін, қажет мамандарды әзірлеу жөнінде жоғары оқу орындарына ұсыныстар берілген. Ал, 1200 ден астам теңізші бүгінде Каспий теңізінің Қазақстандық аумағында табысты еңбек етуде.

Аягөз Оралбайқызы, тілші:

Қазақстанның теңіз қақпасы - Ақтау мен Құрық порттары өткен жылды бұрын-соңды болмаған көрсеткіштермен аяқтаған. Былтыр Ақтау теңіз портында жалпы жүктерден бөлек, 643 мың тонна контейнер тасымалданған. Оған дейін ол 300 мың тоннадан сәл асатын. Яғни көрсеткіш 2,5 есеге өскен. Ал Құрық портында 782 тонна көлік тасымалданды. Бұл алдыңғы жылдан 16 пайызға көп.

Аягөз Оралбайқызы

Хабарламаларға жазылу