Мұхтар Мағауин ұлттың рухани шежіресін түгендеп, жаңғырта білген қайраткер. Өзі ескі замандағы жыраулардан көп нәрсе үйренгенін, тарихи тақырыпқа баруына жыраулар поэзиясы әсер еткенін айтқан. Сондай сұхбатының бірі арнамыздың алтын қорында сақталған.
Мағауин – қазақтың рухани тарихындағы реңкті қалыптастырған ірі суреткер. Өйткені Мағауин – тек әдебиетшілер үшін ғана емес, мәдениеттанушы, ғалымдар мен тарихшылар үшін де мол мағлұмат, терең тақырып, шүйгін ой ұсынған, дәлелін дәлдеп, өзіндік тұжырыммен кестелеген олжасы мол ойшыл еді. Әсіресе жыраулардың алдаспан рухын ешкім Мағауинсіз атай алмасы анық. Ол жыраулар мұрасын жаңғырта отырып, тілге жаңа леп, ойға орамды мазмұн әкелді. Оның шығармашылығы арқылы ұлт рухтанып, жастардың жігеріне жалын бітті. Мұхиттың арғы бетінен келген қаралы хабар бүгін тұтас қазақ елінің қабырғасын қайыстырып, мең-зең етіп тұрғаны рас, амал нешік. Қаламгер қауым Мағауиннің феноменін айтып, елге көңіл білдіріп жатыр.
Смағұл Елубай, Қазақстанның халық жазушысы:
Мұхаң қашан әңгіме қозғасаң да, ағып тұрған дариядай тарихтан, әдебиеттен, саясаттан мол хабардар ерекше тұлға болатын. Әрбір онымен кездескен сайын рухани байып шығатынбыз. Мұхтар Мағауин халқы үшін еңбек етті. Халқының жүрегіне жерленетін жазушы дегіміз келеді.
Тұрсын Жұртбай, жазушы, тарихшы:
Ол өзінің атын 26 жасында қазақ әдебиеті мен руханиятының тарихына жазған адам. Бүгінгі күнге дейінгі, «Жармаққа» дейінгі қазақ өмірінің жылнамасын, шежіресін, рух тарихын қағазға түсіріп кетті.
Азамат Бейбітұлы
