Қояндыда 2 мың орындық жайлы мектеп ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қояндыда 2 мың орындық жайлы мектеп ашылды

09.01.2025

Ақмола облысы алғашқылардың бірі болып, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірге міндеттелген 9 мектепті қолданысқа берді. Оның жетеуі Целиноград ауданында, ал екеуі Көкшетау қаласында орналасқан. Бүгін Қоянды ауылындағы жайлы мектептің бірі жұмысын бастады. Ашылуына барған әріптесіміз білім ордасының ерекшелігі туралы толығырақ тарқатады.

Ақниет Балтанова, тілші:

Жайлы мектеп жобасы аясында Ақмола облысында 9 мектеп салынуы тиіс. Дәл сол тоғызыншы мектеп бүгін Қоянды ауылында оқушыларға есігін айқара ашты. Бұл білім ордасы 2 000 орынға шақталған және балалар 1 ғана аусымда білім алады. Түстен кейін өздері қалаған үйірмелерге тегін қатысуға мүмкіндік бар. Сондай-ақ инклюзия сыныптары да жұмысын бастады.

Жаңа білім беру мекемесінің жұмысымен Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов танысты. Төрт қабатты ғимаратта 96 оқу кабинеті бар. Одан бөлек, мектепте төрт бірдей спорт залы, 430 адамға арналған акт залы, 444 орынға шақталған асхана және хореграфия залы мен кітапхана бар. Әр блокта оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай коворкинг аймақтары орналасқан.

Марат Ахметжанов, Ақмола облысының әкімі:

Сапалы білім, саналы тәрбие алуға толық жағдай жасалып отыр. Қала мен ауыл арасындағы айырмашылық теңестірілді. Астана мектептері қалай жабдықталса, осы Қоянды ауылындағы мектеп те дәл солай жабдықталды. Президенттің қойған тапсырмасын, Ұлттық жобаны Ақмола облысы толық орындады. 12 400 бала осындай жаңа, жайлы мектепте білім алу процесіне кірісті.

Жалпы Қоянды ауылында бұған дейін 2 білім ордасы жұмыс істеп тұрды. Екеуінде де бала саны белгіленген межеден көп. Сондықтан болар жайлы мектеп ашыла сала, 2 мың орын лық толып қалған. «Бізде маман тапшылығы мәселесі мүлдем жоқ» дейді мектеп директоры.

Сәкен Шәку, Қоянды ауылы мектеп-лицейінің директоры:

Қазіргі таңда 154 мұғалім осы мектепте қызметін бастап кетті. Мұғалім мұқтаждығы жоқ. Бұл мектепте арнайы ерекше балаларға арналған кабинеттер бар. Сенсорлық, логопункт, дефектолог кабинеті, лифт істеп тұр, әр блокта ерекше балаларға арналған дәретханалар орналасқан.

Ата-аналар мен оқушылар мектептің 1 аусымдық болғанына дән риза. Демек білім ордасы түстен кейін балалардың тұлғалық дамуына ерекше ден қояды.

Жайлы мектеп бірден лицей дәрежесін алды. Директордың сөзінше, балалардың қызығушылығы мен үлгеріміне қарай сыныптар қайта топтастырылады. Жалпы «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында 2025 жылы елімізде тағы 152 мектеп бой көтереді.

Ақниет Балтанова


Хабарламаларға жазылу